Негізгі Жаңалықтар Сыныптарды біріктіру заң талаптарына сай жүргізіледі

Сыныптарды біріктіру заң талаптарына сай жүргізіледі


ДИКТОР: Бүгінде Ақмола облысында 330-ға жуық шағын жинақты мектеп бар. Онда 21 мыңнан астам бала білім алады. Өңірдегі кей ауылдық мектептерде оқушылар саны 15-20 адам көлемінде. Бала санының аздығына байланысты бірнеше сыныпты біріктіріп оқыту тәсілі бұрыннан қолданылып келеді. Алайда Зеренді ауданындағы ауыл мектептерінде сыныптарды біріктіріп оқыту мәселесі ата-аналар мен мұғалімдердің алаңдаушылығын туғызып отыр.   

РКС: Қолданыстағы талаптарға сәйкес, жасында бір-екі жыл айырмашылығы бар екі немесе үш сыныптың оқушыларын бірге оқытуға болады. Мұғалім бірнеше жас тобымен бір уақытта сабақ жүргізіп, әр топқа сәйкес оқыту тәсілдерін қолданады. Бұл ретте сыныптарды біріктіру оқу бағдарламасының қысқаруын білдірмейді делінді брифинг барысында. Шағын жинақты мектептердің ең көп саны Зеренді ауданында орналасқан. Ауданда 52 жалпы білім беретін мектептің 44 шағын жинақты мектеп. Оның ішінде 22 мектеп білім беру ұйымдары желісінің нормативіне сәйкес келмейді және жыл сайын бала санының азайғаны байқалады.

СНХ: ЖАНАРГҮЛ БАЙМАҚОВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Шағын жинақты мектептерде сынып комплектісін қалыптастыру нақты контингентін және қолданыстағы заң талаптарын ескере отырып жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасы Оқу ағарту министрлігінің 2022-ші жылғы 31 тамыздағы 385 бұйрығымен бекітілген «Орта білім беру ұйымдарының қызметінің үлгілі қағидаттары» 97-ші тармағына сәйкес шағын жинақты мектептерде біріктірілген сыныптарда әр түрлі жастағы білім алушыларды оқытуға, оның ішінде жас айырмашылығы бір-екі екі немесе үш сыныпты біріктіругк жол беріледі. 

РКС: Тағы бір ескеретін жайт, мұғалім қос сыныпты бір пән бойынша оқытқанда балаларға өз оқулығына сай тапсырмалар береді. Сыныптарды біріктіріп оқытатын мұғалімдердің жалақысы қысқартылмайды және олар осы бағытта біліктілігін арттыруға міндеттеледі. Сыныптарды біріктіру кезінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың да жағдайы ескеріледі. Біріктірілген сыныпта олардың саны үштен аспауы тиіс.

СНХ: ЖАНАРГҮЛ БАЙМАҚОВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Шортанды ауданы Раевка орта мектебіне келетін болсақ, 2-ші сыныпта 6 бала, оның ішінде бір бала ерекше қажеттілігі бар, 3-ші сыныпта 4 оқушы, оның ішінде бір оқушы ерекше қажеттілігі бар бала. Сонымен бір сыныпта 2 бала отыр.Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар оқи алады. Бұл ретте шарттары мен білім алушының мүмкіндіктерін ескере отырып айқындалады. 

РКС: Шағын жинақты мектептерде сыныптарды біріктіру оқушылардың өз ауылында білім алуына мүмкіндік береді. Әрі ата-аналардың көпшілігі балаларын көрші ауылдарға тасымалдауға немесе интернаттарға тұрғызуға қарсы. Ақмола облысында жыл сайын 10 елді мекенде мектептер жабылатынын ескерсек, бұл шешім ауылдағы білім ошақтарына қара құлыптың ілінбеуіне жасалған қадам,- дейді білім саласының мамандары.   

ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу