Мемлекет агросақтандыруды субсидиялауға 4 млрд. теңге бөлді
ДИКТОР:Топырақтың құрғап кетуіне байланысты қазақстандық шаруаларға 2,5 миллиард теңгеден астам сақтандыру өтемақысы төленді. Биыл мемлекет агросақтандыруды субсидиялауға 4 миллиард теңге бөлді. Жүйе толығымен цифрлық форматқа көшірілді. Өтінімдер QALQAN сервисі арқылы рәсімделеді. Бұл жүйе қалай жұмыс істейді және төлемдерді кімдер алды? Тілші баяндасын.
РКС: Қорғалжын ауданындағы шаруашылық 15 мың гектар егістік алқапты өңдейді. Биылғы маусым қиынға соқты. Себебі, кей жерлерде күн 42 градусқа дейін ыстық болды. Вегетациялық кезең бойы жауын-шашын мөлшері 30 миллиметрден де аз түсті. Серіктестік директорының айтуынша, қуаңшылық салдарынан өнім төмендегенімен, агросақтандыру шығынның бір бөлігін өтеуге мүмкіндік берген.
СНХ: БОЛАТ ҚАЛИЕВ, СЕРІКТЕСТІК ДИРЕКТОРЫ: Егер біздің шаруашылық бойынша сақтандыру жағдайларына байланысты төлемдерді алатын болсақ, астық дақылдары бойынша нарықтағы орташа бағамен есептегенде, өтемақы гектарына шамамен 2,5-3 центнер көлемінде болды. Ал, майлы дақылдар бойынша өтемақы шамамен 1,5-2 центнер. Яғни, көріп отырғанымыздай, биыл агросақтандыру жүйесі жұмыс істеді. Әрине, 100 пайыз болмаса да, бұл қолайсыз ауа райы жағдайында фермерлерге шығынның бір бөлігін өтеуге мүмкіндік берді.
РКС: Агросақтандырудың басты артықшылығы, оның қаржылық қолжетімділігінде. Мемлекет сақтандыру құнының 80 пайызын субсидиялайды. Сондықтан фермерлер шығынның тек 20 пайызын ғана төлейді. Қазір агробизнес өкілдеріне 16 арнайы сақтандыру өнімі ұсынылады. Оның 7-еуі өсімдік шаруашылығына, 9-ы мал шаруашылығына арналған.
СНХ: ДАРХАН ТАПАНБАЕВ, АГРАРЛЫҚ НЕСИЕ КОРПОРАЦИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Биыл сақтандыру сыйлықақысын субсидиялауға 4 миллиард теңге бөлінді. Ақмола облысының фермерлері 81 сақтандыру шартын жасасты. Құрғақшылық салдарынан сақтандыру жағдайының орын алуына байланысты сақтандыру компаниясы 804 миллион теңге көлемінде төлем жүргізді. Бұл сома фермердің тікелей төлеген сақтандыру сыйлықақысының мөлшерінен 4,8 есе жоғары.
РКС:Қараша айында Аграрлық несие корпорациясы 2027 жылғы егін маусымына арналған сақтандыру бойынша өтінімдер қабылдауды бастайды. Фермерлерге мемлекеттік қолдауды алдын ала пайдаланып, егістік алқаптар мен мал басын климаттық тәуекелдерден қорғау ұсынылады.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, КАРИНА СҮЛЕЙМАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.