Негізгі Жаңалықтар «Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көшбасшысы» байқауының қорытындысы шықты

«Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көшбасшысы» байқауының қорытындысы шықты


ДИКТОР: Өңірде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдар арасында өткен «Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көшбасшысы» байқауының қорытындысы шығарылды. Байқауды Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ұйымдастырды. Медициналық ұйымдарды бағалау кезінде пациенттермен жұмыс сапасы мен қаржылық тұрақтылығы, кредиторлық берешекті азайту, халықпен ақпараттық жұмыстың тиімділігі, пациенттердің шағымдарының саны және қолдау қызметінің дұрыс жұмыс істеуі ескерілді. 

РКС: Шарада цифрландыру қарқынды дамып келе жатқанына қарамастан, денсаулық сақтау жүйесінің басты әрі алмастырылмайтын құрамдас бөлігі медицина қызметкерлері екені атап өтілді. Медициналық қызмет көрсету сапасы әлі де олардың кәсібилігі мен қабылдаған шешімдеріне тікелей байланысты.

СНХ: СЕРІК КӘКЕНОВ, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ «SENIM» САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Қашан да «Еңбек адамына» құрмет ерекше екенін айтудан жалыққан емеспін. Сондықтан ешқандай жүйе адамды ешқашан алмастыра алмайды. Ал, адам кез келген жүйені алмастыра алады.

РКС: Байқау алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдар және стационарлық көмек көрсететін медициналық мекемелер арасында 2 санат бойынша өткізілді. Әр санатта медициналық ұйымдардың жұмыс тиімділігі мен көрсетілетін қызметтердің сапасы бағаланды.

СНХ: НҰРЛАН ЖАРОВ, ОБЛЫСТЫҚ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Қазір барлығымыз қатысатын бірыңғай «Qalqan» цифрлық платформасы құрылды. Онда медициналық көмек көрсетудің барлық үдерістері цифрландырылған. Бұл, кадрлық, материалдық-техникалық ресурстарымыз, төсек-орын қоры, ғимарат алаңдары, сондай-ақ, Ақмола облысының халқына сапалы медициналық көмек көрсету үшін орындауға тиісті медициналық көмек көлемдері.

РКС: Бүгінде өңірде 27 ұйым халыққа алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді. Мамандардың айтуынша, бұл сала жыл сайын дамып келеді. Инфрақұрылым жетілдіріліп, цифрлық шешімдер мен ем-дом алушылармен жұмыс істеудің жаңа тәсілдері енгізілуде.

СНХ: ҒАЛИЯ САБАТАЕВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ: Медициналық көмек көрсетудің жаңа технологиялары мен тәсілдері енгізілуде. Бұл, қазір алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде жұмыс істеп жатқан мобильді бригадалар. Сонымен қатар, қашықтан көрсетілетін қызметтер, әлеуметтік қызметкерлер мен психологтардың жұмысы, мейіргерлердің дербес қабылдауы енгізілді. Айта кету керек, бұл орта буын медицина қызметкерлері деңгейінде атқарылып жатқан өте ауқымды жұмыс. Бұған дейін әріптестеріміз айтып өткендей, «Qalqan» жаңа бағдарламасының енгізілуімен бюрократиядан және қандай да бір формальды тәсілдерден қорғаныс болады деп ойлаймын. Мұның бәрі жыл сайын жетілдіріліп, пациенттеріміздің денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімі арта түседі деп үміттенемін.

РКС: Байқау қорытындысы бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдар арасында 1-ші орынды Көкшетау қалалық емханасы иеленді. 2-ші орында Ақкөл аудандық ауруханасы, 3-ші орынға Жақсы ауданының аудандық ауруханасы жайғасты. Ал, стационарлық көмек көрсету бағыты бойынша облыстық көпсалалы ауруханасы жеңімпаз атанды. 2-ші орынға облыстық көпсалалы балалар ауруханасы, ал 3-ші орынға «Көз орталығы» офтальмологиялық клиникасы орнықты.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу