Шаһарда бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті
ДИКТОР: Өткен аптаның соңында мансап орталығында бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Мұндай шаралар ай сайын ұйымдастырылады. Жыл басынан бері мыңнан астам көкшетаулық жұмыспен қамтылды. Жәрмеңкеде азаматтарға түрлі саладағы бос жұмыс орындары ұсынылып, жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік берілді.
РКС: Жәрмеңкеге қаладағы 20-ға жуық кәсіпорын мен мекеме өкілі қатысып, бос жұмыс орындарын таныстырды. Мансап орталығының мәліметінше, жыл басынан бері жұмыспен қамту бағытында бірқатар шара жүзеге асырылған. Мамандар жұмыс іздеушілерге тұрақты қызметпен қатар, қысқа мерзімді оқу курстарынан өтіп, жаңа мамандық игеруге де мүмкіндік бар екенін түсіндірді.
СНХ: ЗӘУРЕШ НҰРЫМОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ МАНСАП ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Бүгінде бос жұмыс орындары арқылы 2 мың 150 адамды жұмыспен қамту жоспарымыз бар. Қазірдің өзінде 800 адамды жұмысқа орналастырдық. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің арқасында көптеген жұмыссыз азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Мүмкіндігі шектеулі азаматтаға да көмектесеміз. Олардың 30-35-ін осы жәрмеңке арқылы жұмысқа орналастырдық. Барлық жұмыссыз азаматтарға жұмыспен қамтудың белсенді шараларының барлық түрін ұсынамыз. Сонымен қатар, қысқа мерзімді оқу курстарынан өтуге шақырамыз. Олар жаңа дағдыларын игеріп, оны тәжірибеде қолданып, кейін жұмысқа орналаса алады.
РКС: Жұмыс іздеушілер арасында пробация қызметі мен ішкі істер органдарында есепте тұрғандар да бар. Олардың жұмысқа орналасып, қоғамға бейімделуіне қолдау көрсетілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар қалалық прокуратура мен мансап орталығының бірлескен үйлестіруімен жүргізілуде.
СНХ: ДАРИНА АНАПЬЯНОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ БӨЛІМ ПРОКУРОРЫ: Көкшетау қаласы прокуратурасының бастамасымен мансап орталығымен бірлесіп, пробация қызметі мен ішкі істер органдарында есепте тұрған азаматтарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі тұрақты түрде өткізіледі. Міндетіміз – сотталған азаматтарға жұмысқа орналасуға және қоғамға бейімделуге көмектесу. Прокуратура мүдделі органдардың жұмысын үйлестіріп, қабылданып жатқан шараларды бақылауда ұстайды. Ал мансап орталығы өзекті бос жұмыс орындарын ұсынып, азаматтарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдеседі. Жұмыспен қамту қайталама қылмыстың алдын алудың маңызды факторларының бірі деп есептейміз.
РКС: Жәрмеңкеде жастарға да ерекше назар аударылды. Жұмыс берушілер жас мамандарға арналған бос орындарын ұсынып, еңбек нарығына енді қадам басып жатқан азаматтарға өз мүмкіндіктерін қарастыруға жол ашты. Жұмыс іздеушілер ұсынылған бірнеше нұсқамен танысып, өздеріне қолайлы қызметті таңдауға мүмкіндік алды.
СНХ: ИСЛАМ ОРАЛОВ, ЖҰМЫС ІЗДЕУШІ: Мен бүгін жұмыспен қамту орталығына келдім. Маған бірнеше вариант ұнап қалды. Жастар үшін жақсы жұмыстар ұсынылып жатыр.
РКС: Мансап орталығы өкілдерінің айтуынша, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі алдағы уақытта да тұрақты түрде ұйымдастырылады. Шараға жұмыс берушілермен қатар, жұмыс іздеушілердің түрлі санаты қатыса алады.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ