Жаңа көпір пайдалануға берілді
ДИКТОР: Есіл ауданындағы маңызды көлік бағыттарының бірінде қозғалыс жаңғырды. Есіл өзені арқылы өтетін жаңа көпір пайдалануға беріліп, көлік қозғалысы жаңа өткелге ауыстырылды. Нысанның құрылысы үш жылға жуық жүргізілген. Жаңа көпірдің іске қосылуы әсіресе осы бағытпен қатынайтын ауыр жүк көліктері үшін маңызды. Тілшіміз Динара Нұрмұханова жалғастырады.
STAND-UP: ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ТІЛШІ: Қазір біз Есіл ауданындағы ескі көпірдің жанында тұрмыз. Жылдар бойы пайдаланылған өткелдің тозуына байланысты оның орнына жаңа автокөлік көпірі салынды. 2023 жылы басталған құрылыс жұмыстары биыл толық аяқталып, жаңа көпір пайдалануға берілді. Ұзындығы 255 метрден асатын өткел көлік қозғалысын жеңілдетіп, тұрғындардың жол жүру уақытын қысқартуға және қатынас қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
РКС: Жаңа өткел «Жақсы – Есіл – Бұзылық» автожолының бойында орналасқан. Бұл жол арқылы батыс, орталық және солтүстік бағыттарға қатынайтын көліктер өтеді. Сондықтан көпірдің техникалық жағдайы өңір үшін ғана емес, транзиттік қатынас үшін де маңызды. Нысан құрылысына 5,5 миллиард теңге жұмсалды.
СНХ: ДАРХАН ИМАНАШЕВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯСЫ АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ: Соңғы Президент бағдарламасының арқасында соңғы 2 жылдың ішінде жолдың қанағаттандыру көрсеткіші 89 пайыздан 96 пайызға дейін ұлғайды. Жұмыс ары қарай жалғасып жатыр. Ақмола облысындағы ең маңызды жолдың бірі - Жақсы, Есіл, Бұзылық. Сол себепті осы жолға көбірек көңіл аударып жатырмыз. Соңғы екі жылда толық, Астанадан бастап Есілге дейін барлық нысандарды жөндеу жұмысымен қамтыдық. Ақмола облысы ерекше. Астананың маңайында болған себебімен қаржыландыру мәселесі ерекше болады.+скл+Жалпы 60 млрдтан осы Жақсы-Есіл-Бұзылық жолына 40 пайыз жұмсалып жатыр. Күрделі жұмыстармен қамту үшін.
РКС: Жаңа нысанның іске қосылуы аудан тұрғындары үшін көптен күткен жаңалық. Бұған дейін ескі көпірдің тозуына байланысты көлік қозғалысына шектеулер қойылып, жүргізушілерге жылдамдықты төмендетіп, сақтықпен жүруге тура келген. Енді негізгі көлік ағыны жаңа өткелге бағытталып, қатынас қауіпсіз әрі қолайлы бола түспек. Әсіресе осы бағытты күнделікті пайдаланатын жергілікті тұрғындар үшін бұл – үлкен жеңілдік.
СНХ: СВЕТЛАНА БЕКЖАНОВА, БҰЗЫЛЫҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Бүгін біз үшін өте маңызды күн. Көпірдің ашылуы құтты болсын! Бұрынғы көпір кезінде жолымыз қиындау болатын. Енді жаңа көпірдің ашылуымен жолымыз қысқарып, қауіпсіз болады деп ойлаймын. Көпіріміз берік болсын, еліміз тыныш болсын, ауылымыз өркейе берсін.
СНХ: ВИКТОР КАЗИМИРОВ, ЕСІЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Мен бұл ауданда 50 жылдан бері тұрамын. Көпірдің жағдайын жылдар бойы өз көзіммен көріп келемін. Өзімнің құрылыс саласында жұмыс істейтін ұйымым бар. Біз бұл көпірді үнемі пайдаландық. Көпір жыл сайын жөндеуді қажет ететін. Оның бойында жарықтар пайда болып, бұл көлік қозғалысына қауіп төндіретін. Сондықтан көлік жылдамдығын төмендетіп, қозғалысқа шектеу қоюға тура келетін. Жаңа көпір бүкіл аудан үшін өте қажет болды және дер кезінде салынды деп есептеймін.
РКС: Қазір жаңа көпір арқылы көлік қозғалысы толық ашылды. Алдағы уақытта ескі өткелде жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ