Асыл сөзді іздесең...
ДИКТОР: Көкшетау қазақ қалалық үлгілі кітапханасында «Асыл сөзді іздесең...» атты тағылымы мол мәдени шара өтті. Руханият пен әдебиетті ұлықтаған басқосуға зиялы қауым өкілдері, әдебиет пен мәдениет жанашырлары қатысты. Кеш барысында ұлы ақынның сырлы өлеңдері оқылып, жүрекке жеткен әндері әуеледі.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Өрелі ой мен өнегелі сөз тоғысқан тағылымды шарада ақын мұрасының терең мәні мен рухани құндылығы кеңінен дәріптеліп, сөз өнерінің құдіреті мен тіл мәдениетінің байлығы, көркемдік өрісі мен өміршеңдігі айқын аңғарылды.
СНХ: ҚАРАТАЙ ТӨЛЕКЕЕВ, ЖАЗУШЫ: Абайды тойламасқа болмайды. Өздеріңіз білесіздер, ұлы қазақ айтады ғой «Абай дана, Абай дара»-деп, бекер айтпайды. Сондықтан біз Абайды 1 жылда немесе 100 жылда оқып қана қоймаймыз, Абайдың сөзі мәңгілік. Себебі, Абай өз өмірінде 130-дан артық өлең, 3 поэма жазған адам. 45 қара сөз жазған адам. Міне осылардың барлығы, әсіресе қазақ халқына, болашағымыздың, тәрбиенің үлкен көзі.
РКС: Мәдени-танымдық шара кітапхана қабырғасындағы былтыр ашылған «Абай ұлағаты» залында ұйымдастырылды. Абайдың асыл мұрасын ұлықтап, рухани құндылықтарды насихаттауға арналған бұл тағылымды орында бүгінде ақын шығармашылығы мен абайтану бағытындағы 300-ден астам кітаптан тұратын құнды қор жинақталған.
СНХ: ВЕНЕРА ЯССАУИЕВА, ҚАЗАҚ ҚАЛАЛЫҚ ҮЛГІЛІ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ: Бұл залға келушілердің ұлы Абайдың шығармашылықтарын танып білуге үлкен үлес қосты. Және келген әрбір оқырманымыз осы жерден шабыт алады. осындай игі шаралар арқылы біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, кітап оқуға деген маңыздылығымызды әрі қарай жалғастыра береміз.
РКС: Сонымен қатар, шара соңында көрермендер арасында Абай Құнанбайұлының тағылымды қара сөздері мен қанатты мақал-мәтелдеріне негізделген танымдық ойын ұйымдастырылды. Ойын барысында қатысушылар өз білімдерін ортаға салып, ұлы ақынның даналық ойларын жаңғыртты.Тағылымы мол мәдени басқосу оқырмандар мен кітапхана қонақтарының ыстық ықыласына бөленіп, көпшіліктің көңілінен шықты.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ