Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша семинар
ДИКТОР: Көкшетауда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-офицерлер мен әдеп жөніндегі уәкілдерге арналған оқыту семинары өтті. Жиынға 130-дан астам маман қатысып, тәжірибе алмасты. 100-ге жуық тыңдаушы тікелей эфир арқылы тыңдау мүмкіндігіне ие болды.
РКС: Аймақта квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында 300-ге жуық комплаенс-офицер жұмыс істейді. Оның ішінде 21 ұйымға штаттық бірлік бөлінген. Ал 200-ден астам мекемеде комплаенс қызметінің міндеттері жауапты мамандарға жүктелген.
СНХ: РАЙХАН БРАТАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Комплаенс қызметтерінің және де әдеп жөніндегі уәкілдердің ролі ерекше. Оның жұмысы тек әдеп нормаларын, сыбайлас жемқорлық заңын сақталуын бақылаумен ғана шектелмей, ең алдымен кеңес беруді және ықтимал құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жұмыстар. Олар өздері жұмыс жасап жатқан мекемеде, ұйымда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселесімен айналысады.
РКС: Комплаенс мамандарының кәсіби құзыретін арттыру мақсатында түрлі шаралар өткізіледі. Бүгінгі кездесуде шаруашылық субъектілеріндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс жүйесін жетілдіру, оның даму перспективалары мен тиімді құралдарын пайдалану мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ мүдделер қақтығысының алдын алу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және ішкі талдау жүргізудің заманауи әдістемелері талқыланды
СНХ: ЕРАСЫЛ ЖӘРДЕМОВ, САРАПШЫ: Комплаенс-функциясы көптеген салада қарқынды дамып келеді. Бүгінде 10 мыңнан астам шаруашылық субъектісінде бұл бағытқа көңіл бөлініп, комплаенс-мамандардың ролі артып отыр. Әсіресе жеке секторда комплаенс жүйесін дамыту қарқынды жүргізілуде. Қазақстан үшін бұл өте маңызды бағыттардың бірі деп есептеймін. Себебі біз жеке сектор мен халықаралық компаниялардың тәжірибесін ескере отырып, комплаенс мәдениетін қалыптастырып келеміз. Елімізде бұл бағыт 2019 жылдан бастап белсенді түрде қалыптаса бастады. Алдағы уақытта да үлкен нәтижелерге жеткізедәі деп сенемін.
РКС: Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және адалдық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар білім беру саласында да атқарылып келеді. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде комплаенс қызметі маңызды бағыттардың біріне айналған. Бұл жүйе білім ордасында 2022 жылдан бастап жұмыс істейді. Оқу орнында 8 мыңға жуық студент білім алады, 1000-ға жуық оқытушы мен қызметкер еңбек етеді. Университет құрамында 20-ға жуық кафедра бар. Білім беру мекемесі корпоративтік басқару жүйесіне толық көшіп, комплаенс бағытын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді.
СНХ: БЕКНҰР АМАНГЕЛДІ, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ КОМПЛАЕНС-ОФИЦЕРІ: Біз комплаенс қызметін жүргізу барысында 4 жылда талай мәселелерді шештік, әсіресе мүдделер қақтығысы, университет болғасын қаншама қызметкерлер істеген соң онсыз болмайды. Жалақы мәселесі бойынша, еңбек шарты бойынша, студенттер мен мұғалімдер арасында мәселелер туындайды. Оның барлығы түгелдей заң жолымен шешілуі тиіс. Оны комплаенс офицер қалай шеше алады? Біріншілен ақпаратқа сүйеніп, заңға сүйеніп, кісілерді тексеру арқылы adata.kz сайты бойынша. Ақпарат алу үшін алдымен түгел қажетті ережеде заң бойынша мәлімет берілуі керек. Сонда ғана қарап тексеруше болады. Комплаенс қызметі жазалаушы орган емес, ол кісілерді түрмеге салатын жүйе емес, кісілерге ақыл кеңес беретін, консультация жасайтын.
РКС: Жоғары оқу орнының заңтану кафедрасы комплаенс бағыты бойынша бір жылдық оқыту бағдарламасын іске қосты. Бұл бастама өңірде комплаенс мамандарын даярлау жүйесін дамытуға, кәсіби кадрлар қалыптастыруға және ұйымдардағы ашықтық пен жауапкершілік қағидаттарын нығайтуға бағытталып отыр.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ