Абайдың асыл мұрасы дәріптелді
ДИКТОР: Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 181 жылдығына орай «Абай дана» қара сөз тану байқауы ұйымдастырылды. Тағылымды шарада жастар ойшылдың өлеңдерін және қара сөздерін оқыды. Қатысушылар ақынның шығармалары арқылы білімге, адамгершілікке және ұлттық құндылықтарға үндейтін ойларын көпшілікке жеткізді.
РКС: Абай оқулары өңірде жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын тағлымды шара. Биылғы «Абай дана» байқауында бақ сынаған 10-ға жуық қатысушылардың басым бөлігі бұған дейін де түрлі мүшәйралар мен көркемсөз оқу сайыстарында топ жарып жүрген тәжірибелі жастар. Олардың қатарында Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжін тәмамдаған Әсемгүл Айтмағанбетова та бар.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: ӘСЕМГҮЛ АЙТМАҒАНБЕТОВА, БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ: Байқауға қатысу себебім, яғни әсіресе бастауыш сынып оқушыларына Абай Құнанбайұлының өлеңдерін, қара сөздерін оқытатын боламыз. Сондықтан сол оқушыға ізденіс үшін мен, әрдайым өзім де ізденіп отырамын. Әрдайым осындай байқауларға қатысуды жөн көремін.
РКС: Жастар ресурстық орталығының мамандары мұндай мәдени шараларды тұрақты түрде өткізіп келеді. Олардың айтуынша, бұл жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттырып, сөз өнерін дамытуға, ұлттық әдебиет пен рухани құндылықтарды тереңірек тануына ықпал етеді.
СНХ: ҚАЖЫМҰҚАН ҚОЖАҒАЛИЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МАМАНЫ: Жалпы байқауды ұйымдастыру мақсатымыз ол, Абай Құнанбайұлының мұрасын, өлеңдерін, қара сөздерін жастардың арасында насихаттау, дәріптеу. Бүгінгі байқауға жастар қатысты. Жастар өзіне тағлымды, танымды мұра ала кетті деп есептейміз.
РКС: Байқауға қатысушыларды әділқазылар алқасы 4 бағыт, 5 балдық жүйемен бағалады. Қорытынды есеп бойынша, Әсемгүл Айтмағанбетова бас жүлдені иеленді. Екінші орын Айдана Силамға бұйырса, Перизат Назыл үздік үштікті түйіндеді. Байқауға қатысқан өзге де жастар алғыс хаттармен марапатталды.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ