Негізгі Жаңалықтар Елімізде «Қауіпсіз өткел» акциясы жалғасуда

Елімізде «Қауіпсіз өткел» акциясы жалғасуда


ДИКТОР: «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Қауіпсіз өткел» республикалық акциясы жалғасуда. Магистраль қиылыстарында көлік полициясы мен теміржол қызметкерлері рейдтер өткізіп, жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін ескертеді. Алайда, өткелдерде жүргізушілер ғана емес, жайылым ережелерін елемейтін төрт түлік иелері де жауапқа тартылуда. Акция шеңберінде Ерейментау теміржол учаскесінде қандай жұмыстар атқарылып жатқаны жайлы келесі материалда. 

РКС: Ерейментау аумағындағы теміржолдың ұзындығы 670 километрден асатын үлкен учаске. Мұнда барлығы 27 теміржол өткелі бар. Олардың үшеуі – күзетіледі. Поезд бірден тоқтай алмайды, сондықтан жүргізушілерден барынша сақтық шаралары талап етіледі. Апатты болдырмау үшін теміржолшылар жарты жылда полициямен бірлесіп 15 рейд өткізді, үш мыңға жуық жүргізушіге ескерту жасалды. 

СНХ: АМАНГЕЛДІ ҒАБДУЛЛИН, ЕРЕЙМЕНТАУ ЖОЛ ДИСТАНЦИЯСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Өткелден өткен кезде жүргізушілерден жол апатының алдын алу мақсатында жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды талап етеміз. Теміржол бойында автомобиль жолын кесіп өтетін өткелдер маңызды объектілердің бірі болып табылады. Бірінші кезекте әсіресе осындай өткелдерде жол қозғалысы ережелерін автокөлік жүргізушілері қатаң сақтауы тиіс. Мысалы 2025 жылы поезды үш рет шұғыл тоқтату фактісі болды. 

РКС: Малдардың қараусыз жүруі салдарынан шойын жол бойында көлік оқиғалары тіркелуде. Биыл алты айдың ішінде осындай 25 жағдай орын алған. Осыдан бір жыл бұрын 8 дерек тіркелген. Жол көлік оқиғаларының көпшілігі түнде болады. Салдарынан жүк және жолаушы поездары, ондағы жолаушылар зардап шегеді. Локомотивтер зақымданып, поездар жолда кідіреді. Мәселені шешу үшін теміржолшылар жаңа қоршаулар салып, қараусыз жүрген мал иелеріне айыппұл салуда. 

МАҚПАЛ АЙБАБИНА, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу