Негізгі Жаңалықтар Құрылысшылар–өңір дамуының басты күші

Құрылысшылар–өңір дамуының басты күші


ДИКТОР: Тамыздың 9-ы Қазақстан құрылысшыларының кәсіби мерекесі. Осы сала мамандарының еңбегінің арқасында өңірде жыл сайын жаңа тұрғын үйлер, мектептер, ауруханалар, мәдениет және спорт нысандары бой көтеруде. Сала өкілдері атаулы мереке қарсаңында құттықтаулар қабылдап жатыр. Ал, олардың еңбегінің нәтижесі бүгінде облыстың заманауи тарихының бір бөлігіне айналуда.

РКС: Әрбір салынған нысанның артында құрылыс саласына ондаған жылын арнаған адамдар тұр. Солардың бірі, бригадир Талас Қажыкенов. Ол бұл кәсіпке өткен ғасырдың 90-жылдарының басында келген. Бүгінде ол құрылыс алаңында еңбек етіп, өз тәжірибесін жас мамандарға үйретіп жүр.

СНХ: ТАЛАС ҚАЖЕКЕНОВ, ҚҰРЫЛЫСШЫ: 1991 жылы.35 жыл болды биыл осы құрылысты істеп жатқанға. Басында каменщик болып4 ай жұмыс істедім. Содан жұмысымды көрсеткеннен бәрі бригадир қылып қойды мені. Содан бері 35 жыл мінекей бригадир болып жүрмін. Жастарды тәрбиеледім. Қолымнан бір 500,600 адам тәрбиеленген шығар, жастар кетті. Оның ішінде балаларым да бар, інілерім де бар, күйеубалаларым да бар. Қазір өзіммен бірге 2 ұлым, немерем, күйеу балам, немере інім жұмыс істеп жатыр осында. Әлі шамам келгенше,тәрбиемді беріп, түсіндіріп айтып жатамын.

РКС: Бүгінде құрылыс саласы өңірдің дамуына серпін беретін негізгі бағыттардың бірі болып қала береді. Жаңа тұрғын үйлермен қатар әлеуметтік нысандар да бой көтеріп жатыр. Инженерлік инфрақұрылым жаңартылып, құрылыс сапасын бақылаудың заманауи технологиялары мен цифрлық тетіктері кеңінен енгізілуде.

СНХ: АЗАМАТ БАЙҚУАНЫШЕВ , ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Облыс бойынша пайдалануға берілетін тұрғын үйлердің басым бөлігі облыс орталығы Көкшетау қаласына тиесілі. Жыл сайын облыс орталығында шамамен 270 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Ал жалпы облыс бойынша бұл көрсеткіш 650 мың шаршы метрді құрайды Биыл шамамен 705 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту және реновация бағдарламаларымен қатар, соңғы 3 жылда әлеуметтік салада 100-ге жуық нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде 20-дан астам мектеп салынып, 18 мың оқушы орны ашылды. Осылайша үш ауысымды оқыту мәселесі шешімін тапты. Сондай-ақ апатты мектептер мәселесі де толықтай шешілді. Денсаулық сақтау саласында 40-тан астам нысан пайдалануға берілді.Олардың басым бөлігі шалғай ауылдық елді мекендерде орналасқан. Бұл ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Биыл да әлеуметтік саладағы 30-ға жуық нысанның құрылысы жалғасып жатыр.

СНХ: РАУАН ШАЙМЕРДЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК СӘУЛЕТ ҚҰРЫЛЫС БАҚЫЛАУЫ БАСҚАРМАСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Қазіргі таңда қала аумағында тұрғын үйлермен қатар әлеуметтік нысандардың да құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Бүгінде облыстық аурухананың құрылысы жүзеге асырылуда. Нысанды пайдалануға беру мерзімі 2027 жылдың көктеміне, нақтырақ айтқанда наурыз айына жоспарланған. Біз үшін құрылыс сапасының басты көрсеткіші тұрғындардың көңілінен шығуы. Егер салынған нысандар қолайлы, сапалы әрі қауіпсіз болса, онда құрылысшылар өз міндетін абыроймен орындады деп есептейміз.

РКС: Бүгінде құрылыс саласы әртүрлі мамандық иелерін біріктіреді. Олардың қатарында жобалаушылар, инженерлер, тас қалаушылар мен монтажшылар бар. Дәл осы мамандардың күнделікті еңбегі қалалар мен ауылдардың заманауи келбетін қалыптастырып, өңірдегі мыңдаған тұрғынға жайлы өмір сүруге қолайлы жағдай жасауда.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЛАУРА ФАЙЗУЛЛА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу