Ақмола облысында тағы бір ауылға газ жетті
ДИКТОР: Целиноград ауданына қарасты Қызылсуат ауылы табиғи газға қосылды. Ауылдағы бірқатар тұрғын үйге табиғи газ салтанатты түрде қосылып, жаңа мүмкіндіктің игілігіне жол ашылды. Бүгінде Целиноград ауданындағы 9 елді мекен орталықтандырылған көгілдір отын жүйесіне қосылған. Қызылсуаттағы қуанышты шараға облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов қатысып, тұрғындарды жаңа игілікпен құттықтады.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Мерекелік шара дәстүрлі шашу шашылып, әсем әнмен басталды. Бұл, Қызылсуат ауылына көптен күткен көгілдір отынның келуіне орай ұйымдастырылған қуанышты жиын. Ауыл тұрғындарының айтуынша, табиғи газдың қосылуы, тұрмысты жеңілдетіп, әсіресе қысқы жылу маусымын жайлы әрі алаңсыз өткізуге мүмкіндік береді.
СНХ: ГҮЛНӘР СҰЛТАНБЕКОВА, ҚЫЗЫЛСУАТ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Бүгін біз үшін ерекше, қуанышты күн. Өйткені ауылымызға табиғи газ келіп, көгілдір отын іске қосылды. Анау алаудағы көгілдір оттың жанғанын көріп, әр үйде жылу болады деген қуаныш сезімі пайда болады. Бұл, тұрмысымызды жеңілдететін үлкен мүмкіндік. Үйдегі жағдайымыз жақсарып, өмір сүру жайлылығы арта түседі. Ең бастысы экологияға да пайдасы мол. Ауыл үстін түтін баспайды, күл-қоқыс та болмайды. Сондықтан бұл жаңалыққа өте қуаныштымыз.
СНХ: СЕРІК ҚЫДЫРАЛИН, ҚЫЗЫЛСУАТ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Бұл жерде бұрын газ болып көрген жоқ. Көмір жағатынбыз. Ол көмірдің өзі бірі жақсы, бірі жаман болатын. Мінекей, енді бүгін қыркүйектің жиырма бірі қуанышты күн болыпты. Көгіндір от келіп, міне қуанып, қуанышымыз сондай зор. Алла оларға зор денсаулық берсін, біз де ойлап кеткен үшін. Аман-сау болып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.
РКС: Газ желілерінің құрылысы осыдан екі жыл бұрын басталған. Осы уақыт аралығында төмен, орташа және жоғары қысымды жалпы ұзындығы 65 шақырым газ желісі тартылды. Жобаның жалпы құны 1 миллиард 4 миллион теңгені құрады.
СНХ: ЕРЖАН БАЛАБЕКОВ,«QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ АСТАНА ӨНДІРІСТІК ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Қызылсуат елдімекенін газбен қосу шарасында тұрмыз. Жалпы 34 шақырым газ құбыры салынды, бірінші қосылу тармағыболып есептеледі. Төрт газ регуляторлық шкафтар орнатылған және 730 тұрғын үйге газ қамтамасыз етілді.
РКС: Қызылсуат ауылында табиғи газ алғаш болып Исматовтар әулетінің шаңырағына берілді. Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов зейнеткерлерді айтулы оқиғамен құттықтап, жаңа игіліктің қуанышын бірге бөлісті. Айта кетейік, биыл Қосшы қаласы, сондай-ақ Қараөткел мен Қаражар ауылдары толықтай газдандырылды. Нәтижесінде табиғи газға қосымша 100 мыңға жуық тұрғын қол жеткізді. Ал, келер жылы облыста газдандыру бағытында тағы 6 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Олар Тайтөбе, Бұлақсай, Қостомар, Михайловка, Сарыоба ауылдары мен Сары-Оба станциясы. Бұдан бөлек, Целиноград ауданындағы тағы 6 елді мекенді табиғи газға қосу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Жоба жүзеге асқан жағдайда ауданда тағы 30 мыңға жуық тұрғын көгілдір отынның игілігін көрмек.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.