Негізгі Жаңалықтар Жастарға арналған эко-семинар өтті

Жастарға арналған эко-семинар өтті


ДИКТОР: Көкшетауда «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында жастарға арналған «Эко-амбассадорлар» оқыту семинары өтті. Жиынға Ақмола облысының белсенді жастары мен волонтерлері қатысып, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау және экобастамаларды жүзеге асыру жолдарын талқылады. Семинар барысында жастарға өз өңірінде экологиялық бағытты дамытуға арналған нақты ұсыныстар берілді.

РКС: Экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар бұған дейін де өңірдің бірнеше елді мекенінде ұйымдастырылған. Көкшетау, Қосшы қалалары мен Целиноград ауданында жастарға арналған шеберлік сабақтары өтіп, қатысушыларға қалдықтарды сұрыптау, экологиялық бұйымдар жасау және заттарға екінші өмір сыйлау тәсілдері таныстырылды. Кездесулер барысында жастар өз идеяларын ортаға салып, экологиялық бастамаларын дамытуға мүмкіндік алды.

СНХ: НҰРАСЫЛ БЕКМАТОВ, «JASYL EL» ЖАСТАР ЕҢБЕК ЖАСАҚТАРЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ШТАБЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасы елімізде екі жылдан астам уақыт болды тікелей іске асып келе жатыр. Бұл тек қана сенбіліктерден не ағаш отырғызу акцияларынан тұрмайды. Сондай-ақ ағартушылық жұмыстардан да тұрады. Жаңадан қабылданған Жаңа Конституцияның өзінде экология термині, экологиялық мәдениетті қалыптастыру табиғатты қорғау сияқты терминдер алғаш рет енгізіліп отыр. Бұл тек қана жастардың арасында емес, тұтас қауым арасында үлкен қолдауға ие болып отқан, мәселеге жауап ретінде қаралып отқан сұрақ ретінде көрініп отыр. 

РКС: Сондай-ақ, тамыз айында «Үздік экожоба» конкурсы ұйымдастырылған. Іріктеу нәтижесінде екі жоба үздік деп танылды. Семинар барысында жеңімпаздар марапатталып, бастамаларын одан әрі жүзеге асыру үшін 300 мың теңгеден қайтарымсыз грантқа ие болды.

СНХ: АҚСҰҢҚАР ҚУАТ, ЖОБАҒА ҚАТЫСУШЫ: Өзім «Бір адам – бір ағаш» деген жобаны ұсынған болатынмын. «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасына көп уақытта қатысып жүремін, бір уақытта сол ағаш отырғызған кезде, ағаштарды ары қарай қараусыз қалатын болғандықтан, сол ағаштарды ары қарай дамытып, өсіру ретінде экологиялық жобаны ұсынған болатынмын. Өзім осы салаға жақын болғандықтан, практикалық білімімді қолдана отырып, көргенімді қолдана отырып, осы жобаны іске асырдым.

РКС: Семинар соңында қатысушыларға белсенділігі үшін сертификаттар табысталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай оқыту кездесулері жастардың экологиялық сауатын арттырып, жаңа бастамаларды жүзеге асыруына мүмкіндік береді.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу