Негізгі Жаңалықтар Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжге – 30 жыл

Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжге – 30 жыл


ДИКТОР: Қорғаныс министрлігінің Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжінің құрылғанына 30 жыл толды. Айтулы мерейтой білім ордасының іргесі қаланған Щучинск қаласында аталып өтті. Мерекелік шараға Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің өкілдері, Қарулы Күштердің ардагерлері, әскери колледж түлектері мен кадеттер қатысты. Саптық алаңда бірінші курс кадеттері Әскери ант берді. 

ИНТЕРШУМ: 

РКС: Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледж Президент Жарлығымен 1996 жылы құрылған. Осы уақыт аралығында колледжде төрт мыңға жуық кәсіби сержант даярланды. Бүгінде бұл игі дәстүрді кадеттердің жаңа буыны жалғастырып келеді. Әскери ант берген олар кедергілер жолағында өздерінің дене дайындығы мен әскери машығын көрсетті.

СНХ: МАНАТ МҰХАМЕДӘЛИ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ ӘСКЕРИ КОЛЛЕДЖІНІҢ КАДЕТІ: Мен осы колледжде оқимын. Бүгін әскери ант қабылдадым. Және осы колледждің 30 жылдық мерей тойын атап өттік. Мен осы колледжде оқып жатқанымды мақтан тұтамын. 

РКС: Іс-шара аясында Шоқан Уәлихановтың мұрасы мен ғылыми қызметіне ерекше назар аударылды. Қатысушылар ғалымның бюстіне гүл шоқтарын қойып, фотокөрмені тамашалады. Сонымен қатар, іс-шара аясында заманауи әскери техникалар мен қару-жарақ үлгілерінің көрсетілімі ұйымдастырылды. Қонақтар зертханалық корпусқа барып, FPV-дрондарды басқару және қолдану бағытында жабдықталған арнайы сыныптың жұмысымен танысты.

СНХ: АЙБЕК ҒАБДРАХОВ, РАЙЫМБЕК БАТЫР АТЫНДАҒЫ АРНАЙЫ МАҚСАТТАҒЫ 38-ШІ ДЕСАНТТЫҚ-ШАБУЫЛДАУ БРИГАДАСЫНЫҢ КОМАНДИРІ: Қазіргі таңда колледжде жұмыс істеп отырған офицерлер, сержанттар бар, мұғалімдер бар. Солардың бәрі мына келіп отырған буынға байланысты өзінің әдістемелік шеберлігін өзгертіп жатыр. Осыдан отыз жыл бұрынғы сабақ беру әдістері басқаша болса, қазіргі таңда әдістер басқаша. Түрлі-түрлі оқу құралдары қалыптасып жатыр. Колледжімізге ремонт істеп, сабақ, оқу дәрістері, кітаптар, оқу құралдарының бәрі жаңадан келіп, соның соңғы ұрпақтарына сай, соңғы өмірдің талаптарына сай өзгеріп жатыр. 

РКС: Мұндағы дайындық әскери-кәсіби пәндермен ғана шектелмейді. Курсанттарға дене төзімділігін шыңдау, көшбасшылық және ұйымдастырушылық қабілеттерді дамыту, жауапкершілікке тәрбиелеу бағытында білім беріледі. Үш онжылдық ішінде колледж әскери қызметшілердің тұтас буынын даярлады. Олардың көпшілігі оқуын аяқтағаннан кейін Қарулы Күштер қатарындағы қызметін жалғастырды. Ал кейбірі жылдар өте бұл білім ордасына қонақ әрі ардагер ретінде қайта оралды.

СНХ: ПАВЕЛ ШИШКИН, МАСТЕР-СЕРЖАНТ, ЗАПАСТАҒЫ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІ: Осыдан тура отыз жыл бұрын мен де дәл осы жерде, осы оқу орнында әскери қызметімді бастадым. Алғаш рет әскери погон тақтым. Бүгінде біздің кадеттердің сапалы білім алып, жақсы дайындықтан өтуіне барлық мүмкіндік бар. Сондықтан курсанттарға осында өткізіп жатқан уақыттарын бағалауды тілер едім. Әрине, оқу оңай болмайды. Бірақ болашақта бүгіндеріңізді сағынышпен еске алатын сәттеріңіз көп болады. Осы орайда барша ұстаздар мен тәрбиешілерге толағай табыс, ал жас кадеттерге абыройлы қызмет, биік мақсат, елге адал қызмет ететін нағыз азамат болуды тілеймін.

РКС: Бүгінде Щучинск қаласындағы колледж әскери білім беру жүйесінің маңызды буынына айналды. Оның түлектері еліміздің Қарулы Күштерінде қызмет атқарып, жауапты лауазымдарды иеленіп, мемлекеттің жауынгерлік әзірлігін нығайтуға үлес қосуда. Сонымен қатар, мұнда әскери бөлімдердегі сержанттардың біліктілігін арттыруға арналған курстық даярлық та жүргізіледі.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЛАУРА ФАЙЗУЛЛА, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу