Негізгі Жаңалықтар Студенттер танап басында практикадан өтуде

Студенттер танап басында практикадан өтуде


ДИКТОР: Есіл агротехникалық колледжінде білім алатын студенттер 300-ден 500 мың теңгеге дейін табыс табады. Білім алушылар ауданның ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында өндірістік тәжірибеден өтіп, практикалық дағдыларды ғана емес, сонымен қатар жалақы да алады. Практиканттардың дала жағдайындағы оқу-тәжірибесі қалай ұйымдастырылып жатыр? Тілші баяндайды. 

РКС: Өндірістік тәжірибе, кәсіби қызметке қажетті дағдыларды меңгерудің тиімді алаңы. Қазір агротехникалық колледждің болашақ механизаторлары нақты өндіріс орындарында тәжірибелік дағдыларын шыңдап жатыр. Практиканттар үшін тағы бір жағымды мүмкіндік, кәсіпорында жұмыс істегені үшін жалақы алады.

СНХ: АРТЕМ ЯРОСЕВИЧ, ЕСІЛ АГРОТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: Мен «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша 3-ші курста оқимын. Қазір «АқСай» серіктестігінде өндірістік тәжірибеден өтіп жатырмын. Егін жинау науқаны жүріп жатыр. Бұл, ақылы тәжірибе. Яғни, мұнда тек білім мен тәжірибе алып қана қоймай, жалақы да аламыз.Теориялық білімімді тәжірибе жүзінде қолданып жатырмын.

РКС: Бүгінде Есіл қаласындағы колледжде 200-ден астам студент білім алады. Олар түрлі мамандық бойынша өндірістік тәжірибеден өтеді. Білім беру ұйымдарының кәсіпорындармен серіктестігі студенттерге пайдалы дағдыларды меңгеруге мүмкіндік берсе, жұмыс берушілерге болашақ мамандармен танысуға жол ашады.

СНХ: МЕЙІРБЕК МҰҚАТАЕВ, ЕСІЛ АГРОТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Қазір өндірістік тәжірибе Есіл ауданындағы және Ақмола облысының басқа да өңірлеріндегі түрлі кәсіпорындарда ұйымдастырылған. Екінші және үшінші курс студенттерінің 154-і орасан зор тәжірибе жинақтап, теориялық білімдерін практика жүзінде бекітіп жатыр. Менің ойымша, оқу процесінің құрамдас бөлігі болып саналатын өндірістік тәжірибе болашақ маманды қалыптастырудың аса маңызды факторы.

РКС: Өндірістік тәжірибе студенттерге мамандықтың қыр-сырын терең меңгеріп, кәсіби шеберлігін шыңдауға мүмкіндік береді. Айта кетейік, бүгінде өңірде техникалық және кәсіптік бағыттағы мамандарды 27 білім беру ұйымы даярлайды. Онда 19 мыңға жуық студент білім алуда.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, НАИР ЗАХОВАЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу