Күнбағыс алқабында суретке түскен 25 адам айыппұл арқалады
ДИКТОР: «Астана – Щучинск» тас жолы және де басқа жол тораптары бойындағы күнбағыс алқаптарына ағылған жұрттың көбеюіне байланысты көліктердің заңсыз тоқтау деректері жиілеп кетті. Әсем көріністі суретке түсіру үшін жол жиегіне тоқтаған жүргізушілер жол қозғалысы ережелерін бұзып, апатты жағдайлардың туындау қаупін күшейтуде. Мұндай заңбұзушылық үшін қандай жауапкершілік қарастырылған? Жолдардағы қазіргі ахуал туралы тілшіміз баяндайды.
РКС: Жылдамдығы жоғары автожол бойындағы күнбағыс алқаптары әсем көріністі суретке түсіруді ұнататындардың қызығушылығын арттыруда. Алайда кейбір жүргізушілер әсерлі кадрға бола көліктерін тас жолдың бойына тоқтатып, жол қозғалысы ережелерін бұзуда. Автобанның бұл учаскесінде көлік құралдарын тоқтатуға қатаң тыйым салынған. Осыған байланысты полиция қызметкерлері азаматтарды бір сәттік сурет үшін өміріне қауіп төндірмеуге, сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
СНХ: АЛЬМИРА РАХМАТУЛЛИНА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ИНСПЕКТОРЫ: Күнбағыс алқабының көрікті көрінісіне қызығып, жол қауіпсіздігі талаптарын бұзған 25 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әдемі суретке түсуге деген ниет орны толмас салдарға әкеліп соғуы мүмкін. Осыған байланысты полиция қызметкерлері азаматтарды қауіпсіздік талаптарын сақтауға, фотосессия үшін тек рұқсат етілген әрі арнайы жабдықталған орындарды таңдауға шақырады.
РКС: Айта кетейік, «Тоқтауға тыйым салынады» жол белгісінің талаптарын бұзған жүргізушілерге 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік айыппұл салынады. Биылғы есеп бойынша бұл – 21 625 теңге. Ал көлік құралы өзге жол қозғалысына қатысушыларға кедергі келтірген немесе жүргізуші осы құқықбұзушылықты бір жыл ішінде қайталап жасаған жағдайда, әкімшілік жауапкершілік күшейтіліп, айыппұл мөлшері артады.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ