Аймақта мыңнан астам адамға гуманитарлық көмек көрсетілді
ДИКТОР: Жыл басынан бері өңірдегі қайырымдылық ұйымдары мыңнан астам адамға гуманитарлық көмек көрсетті. Қиындыққа тап болған жандарға қолдау білдіріп, мұқтаж отбасыларға көмек қолын созу – игі іске ұйысқан азаматтардың басты мақсаты. Қазіргі таңда Ақмола облысында адам тағдырына бейжай қарамайтын бірнеше қоғамдық бірлестік бар. Олар қиын сәтте жанынан табылып, қажетті көмек көрсетуге асығады.
РКС: Гуманитарлық ұйымдар төтенше жағдайлар мен қиын-қыстау кезеңдерде халыққа қолдау көрсетеді. Олар мұқтаж жандарды азық-түлік, қажетті дәрі-дәрмек және киім-кешекпен қамтамасыз етеді. Мұндай ұйымдар зардап шеккен азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету үшін психологтармен, заңгерлермен және басқа да білікті мамандармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Жастарды волонтерлік қызметке тартып, адамдарға көмек көрсетуге қажетті дағдыларды үйретеді.
СНХ: НҰРМҰХАН ЖҰМАҚАЕВ, ВОЛОНТЁР: Мен волонтёрмін, №3 мектеп-гимназияда оқимын. Биыл 11-сыныпқа барамын. Жазғы демалысымды пайдалы өткізіп, өзім үшін жаңа нәрсе үйренгім келді. Сол себепті «Қызыл Жарты Ай» ұйымына волонтер ретінде қосылдым. Мұндағы жұмыс маған өте ұнайды. Бұл менің болашақ мамандығыммен де байланысты. Болашақта ұйымдық психолог болғым келеді. Бұл мамандықта да адамдармен, ұжыммен және қоғаммен жұмыс істеу маңызды. Ал мұнда мен адамдармен қарым-қатынас жасап, тәжірибе жинап жүрмін, өз дағдыларымды дамытып жатырмын. Ең бастысы, адамдарға көмектесу маған ұнайды. Біреуге қолдау көрсетіп, пайдаң тигенін сезіну – ерекше әсер береді.
РКС: Қайырымдылық көмегі тек төтенше жағдай кезінде ғана көрсетілмейді. Күнделікті өмірде де қиындыққа тап болған жандардың жанынан табылып, қолдау көрсету – мұндай ұйымдардың басты бағыттарының бірі. Олар аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты қарттарға, көпбалалы жанұяларға және түрлі себеппен тұрмысы төмендеген азаматтарға қажетті көмек көрсетеді. Бұл игі істің ауқымын кеңейту үшін қайырымдылық ұйымдары әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін кәсіпкерлермен де бірлесе жұмыс істейді.
СНХ: АСХАТ УАЙСОВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚЫЗЫЛ ЖАРТЫ АЙ ҚОҒАМЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Жапон Қызыл Кресті мен жапондық компанияның қолдауымен бізге мың дана жылы көрпе жеткізілді. Оның 200 данасын Төтенше жағдайлар департаментіне тапсырдық. Қайырымдылық акциялары аясында Бұланды ауданының Вознесенка ауылына барып, көрпелерді көпбалалы отбасыларға үлестірдік. Көкшетау қаласындағы мұқтаж жандарға да осындай көмек көрсеттік. Былтыр «Nestle» компаниясы азық-түлік себеттерімен қамтамасыз етті. Соның нәтижесінде 500-ден астам отбасы гуманитарлық көмек алды. Ал Рамазан айында толық емес отбасыларға 88 азық-түлік себетін тараттық. Бұдан бөлек, киім-кешек алуға 20 мың теңгелік сертификаттар табыстадық.
РКС: Қайырымдылық ұйымдарының жұмысы түрлі бағытты қамтиды. Олар бір-бірімен ғана емес, мемлекеттік мекемелермен де тығыз байланыста. Жоғалған жандарды іздеуге атсалысып, отбасылардың қайта қауышуына ықпал етеді. Ал төтенше жағдай кезінде алғашқы көмек көрсетіп, қажетті ресурстарды жеткізеді және зардап шеккендер туралы ақпарат жинауға көмектеседі. Бүгін өңірде 60-тан астам волонтерлік-қайырымдылық ұйым бар. Оларға 4 мыңға жуық ерікті жұмылдырылған.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, НАИР ЗАХОВАЕВ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ