«Таза Қазақстан» акциясына ауданның 400 тұрғыны қатысты
ДИКТОР: Жарқайың ауданында ауқымды сенбілік өтті. «Таза Қазақстан» акциясы аясында қала мен ауыл тұрғындары қоғамдық орындарды, аулаларды тазартты. 80 тоннаға жуық қоқыс жиналды. Жыл басынан бері жергілікті тұрғындар 76 іс-шара өткізді. Үш жарым мыңнан аса көшет отырғызып, рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлерді тазартты.
РКС: Акцияның кезекті кезеңі Державинск қаласының орталық алаңында өтті. Акция ресми ашылғаннан кейін жергілікті амфитеатрда «Туған жерге тағзым - ортадан басталады» эко-квесті өтті. Қатысушылар табиғатты қорғау мәселелерін талқылады, ал жастар мен еріктілер қалалық ипподром аумағын ретке келтірді.
СНХ: МИЛАНА ПОДРЕЗОВА, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЛАЛАР ОМБУДСМЕНДЕРІ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ: Мұндай игі бастама туған өлкенің тазалығы мен көркейуіне үлес қосып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және табиғатқа деген жауапкершілікті арттыруға бағытталған. Туған жердің тазалығы - баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз. Осындай игі істер арқылы ауданымыздың тазалығы сақталып, қоршаған ортаның көркейуіне үлес қосылуда.
РКС: Бастамаға жергілікті тұрғындар да қосылды. «Молодежный» ықшам ауданындағы № 5 үйдің тұрғындары сенбілікке шығып, аулаларын абаттандыруды қолға алды. Мұндай іс-шараларға барлығы 400-ден аса адам қатысты. Әкімнің орынбасары Дулат Сыздықов әрбір тұрғынның аудан өміріне атсалысудың маңыздылығын атап өтті.
СНХ: ДУЛАТ СЫЗДЫҚОВ, ЖАРҚАЙЫҢ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бастамашы болған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы бүгінде ауқымды жоба ғана емес, түрлі жастағы және мамандықтағы адамдарды біріктіретін нағыз қоғамдық қозғалысқа айналды. Президент тазалық әр адамнан, әр ауладан, әр көшеден және әрбір елді мекеннен басталатынын бірнеше рет атап өтті.
РКС: Экологиялық сана және тәрбиемен бірге ауданда инфрақұрылым да дамып келеді. Державинск қаласында Қима ауылына кіре берісте автономды жарықтандыру іске қосылды. Сондай-ақ, Есіл көшесінде шамдар орнатылуда. Жаңа көше жарығы ауданның 11 ауылында пайда болды. Бұдан басқа, төрт ауылдық округте стелалар жаңартылды.
МАҚПАЛ АЙБАБИНА, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ