Бір тәулікте үш адам құтқарылды
ДИКТОР: Ақмола облысында бір тәулікте үш адам құтқарылды. Олардың екеуі - шетел азаматтары. Оқиғаның бірі Атбасар ауданында тіркелсе, тағы екеуі Бурабайда орын алған.
РКС: Атбасар ауданындағы Жабай өзенінде 1989 жылы туған Әзербайжан азаматы өзіне қол жұмсамақ болған. Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар ер адамды судан алып шығып, жағаға жеткізді. Мамандар азаматпен профилактикалық әңгіме жүргізіп, полиция қызметкерлеріне тапсырды.
СНХ: ЕРСАЙЫН ҚОЙШЫБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: Құтқарушылар ер адаммен 40 минут бойы сөйлесіп, оны жағаға шығуға көндіруге тырысты. Алайда бір сәтте ол кері бұрылып, суға қарай жүзе бастады. Ер адамның өзіне қол жұмсамақ болғанын түсінген құтқарушылар дереу соңынан жүзіп, оны судан аман алып шықты.
РКС: Ал Бурабайда Бөлектау тауына шыққан екі адам өздігінен төмен түсе алмай, құтқарушылардың көмегіне жүгінген.
СНХ: ЕРСАЙЫН ҚОЙШЫБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: 1985 жылы туған Ресей азаматы таудың басында аяғын жарақаттап, өздігінен төмен түсе алмаған. Мұндағы жер бедерінің күрделілігін ескерсек, құтқарушылар әйелді арнайы зембілмен таудан түсіріп, жедел жәрдем бригадасына тапсырды. Сондай-ақ тауға шыққан 2002 жылы туған ер азамат та таудан өздігінен түсе алмаған. Құтқарушылар альпинистік құрал-жабдықтардың көмегімен оны тау етегіне түсірді. Ер адам медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ.
РКС: Өз кезегінде мамандар қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Тауға шығарда белгіленген бағыттан ауытқымай, ауа райы мен жер бедерін ескеру қажет. Ал су айдындарында арнайы белгіленбеген жерде шомылуға болмайтынын ұмытпаған жөн.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ