Өкпе обырын анықтайтын тегін скрининг апталығы жүріп жатыр
ДИКТОР. Қазақстанда қауіп тобындағы азаматтар үшін өкпе обырын тегін скринингтен өткізу ресми түрде басталды. Бұл бағдарлама республикалық деңгейде алғаш рет ауқымды түрде жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта елдің барлық өңірінде 10–15 тамыз аралығында тегін скринингтерді қамтитын өкпе обыры туралы хабардарлықты арттыру апталығы өтіп жатыр. Толығырақ тілшіміз баяндайды.
БЛИЦ:
- Шылым тартпаған дұрыс қой. Денсаулыққа зиян, өкпеге зиян, неше түрлі аурулар келтіреді ғой. Уақытында жылына бір рет тексерілу керек. Рентген дейді ғой, айнадан өтіп тұру керек.
- Бросайте курить, потому что это очень вредно. Здоровье у нас губится. Прошу не курите, бросайте
РКС. Өткен жылдың осы мерзімінде Ақмола облыстық онкологиялық диспансерінде 135 пациенттен өкпенің қатерлі ісігі анықталған. 34 науқас емін аяқтаса, 65 адам әлі де емделіп жатыр. Биылғы жылдың басынан бері 134 пациентке өкпе обыры диагнозы қойылған. Олар дәрігер бақылауына алынды. Елімізде қауіп тобындағы азаматтар өкпе обырын анықтау үшін тамыздың 15-не дейін тегін скринингтен өте алады.
СНХ МЕРУЕРТ ҚАНАФИНА, ОНКОЛОГ ДӘРІГЕР: Негізгі себептердің бірі – темекі шегу, дәлірек айтқанда, 20-30 жылдан астам уақыт бойы темекі шегу тәжірибесінің болуы. Дегенмен, өздері темекі шекпегенімен, жанындағы адамдардан шыққан түтінмен тыныстап, никотин әсеріне ұшыраған науқастар да кездеседі. Әрине, тұқым қуалаушылық бейімділік, қоршаған орта жағдайлары және стресс сияқты факторларды да жоққа шығаруға болмайды.
РКС: Дәрігерлердің айтуынша, 15 жылдан астам темекі шегіп келе жатқандар және шаң, түтін, химиялық заттар мен канцерогендердің тұрақты әсеріне ұшырайтын зиянды өндіріс орындарының жұмысшылары осы мүмкіндікті қалт жібермеуі тиіс. Скрининг онкологиялық қызметте есепте тұрмайтын және төмендегі талаптарға сай келетін, жасы 50-ден 70-ке дейінгі азаматтар үшін қолжетімді. Негізгі диагностикалық әдіс — ісіктерді ерте сатыда анықтайтын, ең дәл халықаралық стандарт болып табылатын төмен дозалы компьютерлік томография.
СНХ РАЙЫМГҮЛ БАСЫМОВА, СӘУЛЕЛІК ДИАГНОСТИКА БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Осы аптада скринингтік бастама аясында біз тегін төмен дозалы кеуде қуысының компьютерлік томографиясын жүргізіп жатырмыз. Біз өкпедегі кез келген ауытқуларды тексереміз және қажет болған жағдайда науқастарды мамандарға жолдаймыз. Айта кету керек, қазіргі уақытта қатерлі ісіктің негізгі түрлері өкпе, сүт безі, асқазан және тоқ ішек обыры болып табылады. Біздің онкологиялық орталығымызға бүкіл аймақтан кепілдендірілген медициналық көмек бағдарламасы арқылы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы бастапқы медициналық-санитарлық көмекке жолдамалар арқылы немесе ақылы негізде. пациенттер келеді. Дегенмен, радиациялық әсерге байланысты кез келген тексеру үшін, атап айтқанда, компьютерлік томографиялық сканерлеу үшін, бізге жолдама қажет, себебі бұл процедуралар клиникалық тұрғыдан негізделген болуы керек.
РКС. Ақпараттандыру апталығы сенбі күні, 15 тамызда, Қазақстандағы барлық онкологиялық диспансерлер мен орталықтарда өтетін бірыңғай «Ашық есік күні» іс-шарасымен аяқталады. Бұл күні елдің кез келген тұрғыны жолдамасыз онкологтың кеңесін ала алады және медициналық көрсетілімдер болған жағдайда, кідіріссіз диагностикалық тексеруден өте алады.Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының статистикасына сәйкес, Қазақстанда жыл сайын 3800 адамға өкпе обыры диагнозы қойылады. Өкінішке қарай, науқастардың 70%-дан астамы медициналық көмекке тым кеш – аурудың 3 немесе 4- ші сатысында жүгінеді. Жаңа скринингтік бағдарлама осы жағдайды түбегейлі өзгертуді көздейді.
ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ.