Негізгі Жаңалықтар Балалардың жолдағы қауіпсіздігі

Балалардың жолдағы қауіпсіздігі


ДИКТОР: Жаңа оқу жылының басталуына үш аптадан аз уақыт қалды. Бұл кезеңде мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар ғана емес, полиция қызметкерлері де дайындық жұмыстарын жүргізуде. Мамандар мектептер маңындағы жол учаскелерінің қауіпсіздігін тексеріп жатыр. Әсіресе жаяу жүргіншілер өткелдері мен жолдағы жағдайға назар аударылуда. 

РЗК: Балалар үшін мектепке баратын жол — күнделікті бағыттың бір бөлігі. Алайда оқу жылы басталар алдында қауіпсіздік ережелерін тағы бір рет еске салған маңызды. Ата-аналар балаларына жолды қалай дұрыс кесіп өту және көлік жүретін жолдың маңында өзін қалай ұстау керектігін түсіндіреді.

СНХ: ОЛЕСЯ ЛУКЬЯНЧЕНКОВА — АТА-АНА: «Әрине, бірге жүрген кезде түсіндіремін. Бағдаршамда жасыл жанғанда жүру керек, қызыл жанғанда тоқтау қажет. Жаяу жүргіншілер өткелінде көліктерге қарап, содан кейін ғана өту керек. Балам алты жасқа таяп қалды, биыл бірінші сыныпқа барады. Бірақ жолдан қалай дұрыс өту керектігін біледі. Жалпы, жол ережелерімен таныс деп ойлаймын.»

РЗК: Амелидің жасы алтыда. Биыл ол бірінші сыныпқа барады. Балдырған жол қозғалысының негізгі ережелерін біледі.

СНХ: АМЕЛИ МАМБЕТАЛИЕВА — МЕКТЕП ОҚУШЫСЫ: «Жолдан өткен кезде әрқашан жан-жағыма қараймын. Көліктер келе жатса, жүгірмеймін, тоқтап тұрамын. Жүргізушілер кішкентайларды өткізуі керек. Мен мектепке үнемі жаяу барамын. Егер самокатпен барсам, кейде түсемін. Ал велосипедпен барсам, әрқашан түсемін.» РЗК: Балалардың қауіпсіздігін полиция қызметкерлері де бақылауда ұстайды. Мектептер маңында олар жаяу жүргіншілер өткелдерінің, жол белгілерінің және жол инфрақұрылымының басқа да элементтерінің жағдайын тексереді.

СНХ: ҚУАНЫШ СӘДБЕКОВ — КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦИЯ БАТАЛЬОНЫНЫҢ ИНСПЕКТОРЫ: «Балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері білім беру ұйымдарына іргелес аумақтарда тұрақты түрде профилактикалық іс-шаралар өткізеді. Негізгі міндет — жол-көлік оқиғаларына жол бермеу және жолдан өту кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жүргізушілерге айтарымыз: жаяу жүргіншілер өткелдері мен білім беру ұйымдарына жақындағанда жылдамдықты төмендетіп, мұқият болыңыздар және жолда балалардың пайда болуы мүмкін екенін алдын ала ескеріңіздер. Баланың қауіпсіздігі көп жағдайда жол қозғалысына қатысушылардың мұқияттылығы мен жауапкершілігіне байланысты. Біз, патрульдік полиция қызметкерлері, оқу процесі кезінде күн сайын мектептер маңында қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кезекшілік атқарамыз.»

РЗК: Полиция қызметкерлері жүргізушілерді мектептер маңында барынша мұқият болуға шақырады. Олардың айтуынша, балалар — жол-көлік оқиғалары кезінде ең осал санаттағы жол қозғалысына қатысушылар. Биылғы жылдың алғашқы алты айында елімізде кәмелетке толмағандардың қатысуымен екі мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген.

ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, БАУРЖАН СМАҒҰЛОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК. «КӨКШЕ АҚПАРАТ».


Бөлісу