Екі адам судан құтқарылды
ДИКТОР: Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері судан екі адамды құтқарды. Мамандар тұрғындарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды тағы да еске салады. Өкінішке орай жыл басынан бері өңірде 33 адам суға кеткен.
РКС: Ақмола облысы аумағындағы су қоймаларының біріне екі жұп демалуға барады. 2001, 2002 жылы туған екі ер адам стэнборд, яғни су бетінде тұрып, қалақпен есуге арналған тақтамен су айдынына шығады. Аяқ асты дауыл көтеріліп, қатты толқын стэнбордты жағадан алысқа алып кетеді. Оны байқаған әйелдер 112, 101 нөмерлеріне қоңырау шалып, құтқарушыларды көмекке шақырады. Оқиға орнына Ақмола облыстық, Астана қалалық төтенше жағдайлар департаментерінің жеке құрамынан 25 адам, полиция қызметкерлері мен орманшылар келеді.
СНХ: ЕРСАЙЫН ҚОЙШЫБАЕВ, АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: Телефон қоңырауы кешкі 21.35-те түсті, қатты желдің салдарынан іздестіру жұмыстары түнгі сағат 1-ге дейін жалғасты. Тақта үстінде болған адамдар шаршаған, қамысқа барып, стэнбордтың үстінде ұйықтап қалған. Құтқарушылар іздеу барысында адамдарды дауыстап шақырады, олар естімеген. Іздестіру жұмыстары түнгі сағат 1-де аяқталды. Екі адам құтқарылды. Медициналық көмекті қажет етпеді. Бірақ Аршалы ауданының төтенше жағдайлар бөлімі оларды қауіпсіздік шараларын сақтамағаны және түнгі уақытта су айдынында болғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты./
РКС: Облыстық төтенше жағдайлар қызметкерлері тұрғындарға барлық қауіпсіздік шараларын сақтауды, балаларды қараусыз қалдырмау, жабдықталмаған жерлерде шомылмау, түн уақытында су айдындарына түспеу қажеттігін тағы да еске салады.
МАҚПАЛ АЙБАБИНА, БЕКЖАН ТӨЛЕУБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ