Жер қойнауындағы тарих
ДИКТОР: 15 тамызда археологтар өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтеді. Ақмола облысы – тарихы тереңнен тамыр тартқан, өткеннің ізі жер қойнауында сақталған киелі өңірлердің бірі. Мұнда тарих, сәулет пен өнердің екі мыңға жуық ескерткіші бар. Жыл сайын бұл тізім жаңа тарихи нысандармен толығып келеді. Мамандар далалық зерттеу, археологиялық қазба және барлау жұмыстарын жүргізіп, ғасырлар қойнауынан сыр шертетін жаңа деректер мен құнды жәдігерлерді анықтайды. Табылған ескерткіштер мен жәдігерлер бірден мемлекет қорғауына алынады. Археологиялық зерттеулер барысында табылған артефактілер музей қорларында сақталып, көпшілік назарына ұсынылады.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Өткенге көз жүгірту үшін уақыт машинасының қажеті жоқ. Жер бетінен бірнеше метр төмен үңілсеңіз болғаны – ғасырлар қойнауында қалған тарихтың ізіне кезігесіз. Керамика сынығы, ежелгі еңбек құралы, әшекей бұйымдар, байырғы қоныс орны. Қарапайым адам үшін мұның бәрі – шағын ғана олжа. Ал археологтар үшін – тұтас дәуірдің тарихынан сыр шертетін құнды дерек.
СНХ: ЖАСҰЛАН ҮКЕЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРАНЫ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Облыста тарих, сәулет және өнердің 1820-ға жуық ескерткіші бар. Оның ішінде 6 нысан республикалық маңызы бар ескерткіш мәртебесіне ие. 1034 нысан мемлекеттік есепке алынған, ал тағы 780 нысан алдын ала есепке қойылған.
РКС: Табылған жәдігерлер алдымен зертханаға жіберіледі. Мұнда олар жан-жақты зерттеліп, музей қорына өткізіледі.
ИНТЕРШУМ: АЙСҰЛУ ӘМІРЖАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ ЭКСКУРСОВОДЫ: Это Зерендинский район, в урочище Актас. Мы видим быт первобытных людей, то есть как вы понимаете, вот чем они занимались, они охотились…
РКС: Кезінде ата-бабаларымыздың күнделікті өмірінде қолданылған қарапайым бұйымдар бүгінде музей сөрелерінен орын алып, тарихтың бағалы жәдігеріне айналып отыр.
СНХ: МҰРАТ ХАМИТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ АҒА ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ: Біздің музейге келушілердің қызығушылығы жоғары. Мұнда балалардан бастап мектеп оқушылары, студенттер мен ересектерге дейін түрлі жастағы көрермендер келеді. Қорымызда көптеген құнды жәдігер бар, әр экспозиция залы өзіндік тарихымен ерекшеленеді. Ал археологиялық экспозиция екі залда орналасқан. Мұнда тас дәуірінен бастап қола және темір дәуіріне дейінгі кезеңдерге қатысты жәдігерлер ұсынылған.
РКС: Музейге келген көпшілік үшін Ботай мәдениеті – тарихты жақынырақ тануға мүмкіндік беретін маңызды тақырып. Себебі археологиялық жәдігерлер арқылы ежелгі адамдардың тұрмыс-тіршілігін көз алдымызға елестетуге болады. Ботайлықтар осы жерде өмір сүріп, шаруашылықпен айналысқан, жануарларды қолға үйреткен. Бүгінде Ботай мұрасына деген халықтың қызығушылығы жоғары.
СНХ: МҰРАТ ХАМИТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ АҒА ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ: Солтүстік Қазақстан аумағында археолог Виктор Федорович Зайберттің жетекшілігімен жүргізілген экспедиция барысында бірқатар маңызды археологиялық олжалар табылды. Зерттеу кезінде жылқының көптеген сүйектері мен Ботай мәдениетіне тиесілі тұрғын үйлердің орындары анықталды. Мамандардың айтуынша, ежелгі баспаналар жерді қазып, жартылай жер астына орналастырылған жертөле үлгісінде салынған. Бұл олжалар сол дәуірдегі адамдардың тұрмыс-тіршілігі мен күнкөрісі туралы маңызды мәліметтер берді.
РКС: Музей сөресі – үлкен еңбектің нәтижесі, ұзақ жолдың соңғы аялдамасы. Ал археологияның басты ерекшелігі – өткенге үңіле отырып, болашақ үшін қызмет етуінде.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, САНИЯ ИДРИСОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.