«Көкшетау» ұлттық табиғи паркіне 30 жыл!
ДИКТОР: «Көкшетау» ұлттық табиғи паркіне биыл 30 жыл! Орманды қорғау және сақтау, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ табиғи ресурстарды қалпына келтіру жұмыстарын атқарып келе жатқан мекеме 182 мың гектардан аса аумаққа жауапты.
РКС: «Көкшетау» ұлттық табиғи паркіне қарасты Зеренді филиалының аумағы 36 мың гектардан асады. Мұндағы жасыл желек пен қоршаған ортаны сақтау, қорғау жұмыстарына 80 адам жауапты. Қазіргі таңдағы ең өзекті мәселенің бірі – өрт қауіпсіздігі. Зерендіге келетін туристер саны да жыл санап артып келеді, орманның санитарлық жағдайын сақтау маңызды. Орманшылар қыстың сақылдаған аязы мен қалың қарында ормандағы аң-құсқа қажет жем-шөп те дайындауда.
СНХ: АЛЕКСЕЙ ЛИ, «КӨКШЕТАУ» ҰЛТТЫҚ ТАБИҒИ ПАРКІ ЗЕРЕНДІ ФИЛИАЛЫНЫҢ БАС АҢШЫСЫ: Қорық аумағында жабайы жануарларға қысқы кезеңге азық дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Қажет азық қоры әзірленді, ағаш жапырақтары, шөп дайындадық. Орманда азық салатын арнайы орындар бар. Елік, бұғы өзге де жабайы жануарлар орманда көп. 21 мыңнан аса мынадай сыпырғыш, 66 тонна шөп әзірледік. Әлі де дайындап жатырмыз.
РКС: «Көкшетау» ұлттық табиғи парк аумағында 18 бейнебақылау камерасы орнатылған. Оның бірнешеуі Зеренді филиалының аумағына қойылды. Орман өртін ерте анықтау жүйесі арқылы биыл 4 өрт анықталып, бірден сөндірілген.
СНХ:ВАЛЕРИЙ КАРЕЛИН, «КӨКШЕТАУ» ҰТП ЗЕРЕНДІ ФИЛИАЛЫ ОРМАН ӨРТІН СӨНДІРУ СТАНЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Орман өртін сөндіру станциясы заманауи дронмен жабдықталған. Негізі мақсат өртті ерте анықтау және тұтану болған аумақты жедел бақылау. Мамандар күніне 2-3 рет дрон арқылы орманды бақылап отырады. 15 шақырымға дейін қашықтықты бақылай алады. Мысалы бірде өрт шыққан жерге апаратын жолды бірден анықтау мүмкін болмаған кезде, дронды әуеге көтеріп, өрт ошағын жылдам әрі нақты анықтадық. Жолды тез тауып, қызыл жалын жылдам сөндірілді.
РКС: Өрт қаупі, туристік маусым, жабайы жануарларды қорғау – табиғат сақшыларының күнделікті жұмысының бір бөлігі ғана. Мамандардың айтуынша, табиғатты қорғау жұмысы бір сәтке де тоқтамайды. Себебі әрбір ағаш, әрбір жануар – табиғи тепе-теңдіктің бір бөлшегі.
МАҚПАЛ АЙБАБИНА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ