Негізгі Жаңалықтар Көкшетауда жағажай футболынан ел чемпионаты өтті

Көкшетауда жағажай футболынан ел чемпионаты өтті


ДИКТОР: Көкшетауда жағажай футболынан Қазақстан чемпионаты аяқталды. Екінші кезең ойындары Қопа көлінің жағалауында арнайы жабдықталған алаңда өтті. Бұл - қалада осы спорт түрінен жарыстың алғаш рет өткізілуі. Сонымен қатар, биылғы маусымда көкшетаулықтар жағажай футболындағы өздерінің алғашқы қадамдарын жасады. Чемпионат қалай өтті және кім жеңімпаз атанды? Тілші баяндасын.


РКС: Жағажай футболынан өткен ел чемпионатында алты команда бақ сынады. Турнир жүлделері үшін Павлодардың «Арман» командасының екі құрамасы, Тараздың «Омега» командасы, Павлодар облысынан «TK B&A», Жетісу облысынан «Малайсары» және жарысқа алғаш рет қатысқан «Көкшетау» командасы таласты. Павлодарлық «Арман» командасының екінші құрамы үшінші орынға ие болды. Тараздық «Омега» күміс жүлдені еншіледі. Ал турнирдің бас жеңімпазы «Арман» командасы — жарыс кестесіндегі ойындар әлі аяқталмай жатып-ақ чемпиондық атақты мерзімінен бұрын жеңіп алды. 


СНХ: БАЯНБЕК МҰРАЛИНОВ, ТУРНИРДІҢ ҮЗДІК ОЙЫНШЫСЫ, «АРМАН» КОМАНДАСЫНЫҢ КАПИТАНЫ / ПАВЛОДАР Қ./: Біз Қазақстанның 17 дүркін чемпионымыз. Бірінші кезең Павлодар қаласында өтті. Біз бұған дейін Павлодар мен Қапшағайда ойнаған едік. Енді Көкшетауға келдік, мұнда да балалар келіп жатыр. Олардың кейбірі осы спорт түріне қызығушылық танытатын шығар. Сондықтан мен мұны қалаңыз үшін де, біздің спорт түріміз үшін де үлкен серпіліс деп санаймын. Біз өте ризамыз, алаң да бізге қатты ұнады//.


РКС: Биыл чемпионат тарихында алғаш рет ойыншылар жекелеген номинациялар бойынша марапатталды. «Арман» командасының ойыншысы Тимур Ершин «Үздік қорғаушы» атанды. «Омега» клубының өкілі Саид Музарапов турнирдің үздік мергені деп танылды. Тараздық Жасұлан Исаев ең креативті ойыншы атанса, павлодарлық Даниэль Кошкарев турнирдің жаңа жұлдызы деп танылды. Көкшетау командасының қақпашысы Бақытжан Бауыржан «Үздік қақпашы» атағына ие болды.


СНХ: БАҚЫТЖАН БАУЫРЖАН, «КӨКШЕТАУ» КОМАНДАСЫНЫҢ ҚАҚПАШЫСЫ: Дайындық біз үшін оңайға соққан жоқ. Өйткені бұл – біз үшін жаңа спорт түрі. Павлодардағы ойындар қиын болды. Біз ондай алаңға, яғни құмды төсемге үйренбеген едік. Ал өз алаңымызда ойнау әлдеқайда жеңілге түсті, себебі бұл – біздің төл алаңымыз. Сонымен қатар, жанкүйерлерге толы трибуна алдында өнер көрсету де жеңілірек болды. Бұл біздің өңірдегі осындай сипаттағы соңғы турнир емес деп үміттенемін. Менің білуімше, келесі жылы Қазақстан Суперкубогын да осы жерде өткізу жоспарланып отыр. Біз сол турнирге дайындықты қазірден бастаймыз. Келесі жылы нәтижелеріміз бұдан да жақсы болады деп сенеміз.


РКС: Чемпионат кезінде Көкшетау жағалауына кәсіпқой спортшылармен қатар жастар да жиналды. Жанкүйерлер жергілікті командаға ерекше қолдау көрсетіп, ойыншылар үшін тамаша атмосфера қалыптастырды.


СНХ: АЙБАҚЫТ МЫРЗАТАЙ, ФУТЗАЛ, ШАҒЫН ФУТБОЛ, ЖАҒАЖАЙ ФУТБОЛЫ ЖӘНЕ ӘУЕСҚОЙ ФУТБОЛ ЖӨНІНДЕГІ АЙМАҚТЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҚТЫҢ БАСШЫСЫ: Бұл істің болашағы бар. Билік тарапынан қолдау болған жағдайда біз жағажай футбол жоғары деңгейге дамытуға мүмкіндігіміз бар деп ойлаймын. Бірінші рет қатысып жатқандықтан біз бұл жерде нәтижеге жұмыс істеген жоқпыз. Жергілікті ойыншылдарды жинап, 3 жеңісіміз бар. Ол тарихи жеңістер біз үшін. 


РКС: Қазақстан футбол федерациясы жыл сайын жағажай футболынан ресми турнир ұйымдастырады. Ұйым өкілі Көкшетауда жаңа алаңның ашылуымен турнирдің географиялық ауқымы кеңейіп келе жатқанын атап өтті.


СНХ: НИКИТА МОЗГОВОЙ, ҚАЗАҚСТАН ФУТБОЛ ФЕДЕРАЦИЯСЫ БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ ЖӘНЕ КИБЕРСПОРТ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Ең алдымен, осы алаңды ұйымдастырып, салуға атсалысқан облыс пен қала басшылығына алғыс айтқым келеді. Яғни, біз жағажай футболына арналған тағы бір инфрақұрылым нысанына ие болдық. Бұл – ішкі жарыстарымызды өткізуге мүмкіндік беретін тағы бір қосымша алаң. Бұл – сапасы өте жоғары, тамаша нысан. Жарыстарымызды өткізуге тағы бір мүмкіндіктің пайда болғанына қуаныштымыз. 


РКС:Жағажай футболынан ұлттық құрама Еуропа лигасы мен Әлем чемпионатында ел намысын абыроймен қорғап келеді. Биылғы маусымда команда өз тарихында алғаш рет А дивизионында бақ сынап, элита қатарындағы орнын сақтап қалды.


ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу

Аймақтық телеарналар