IT мамандарын даярлауға бағытталған тегін бағдарламалар іске қосылды
ДИКТОР: Көкшетауда IT саласына қызығушылық танытқандар үшін жаңа мүмкіндіктер артып келеді. Өңірде IT мамандарын даярлау, стартаптарды қолдау және инновациялық жобаларды дамытуға бағытталған бірқатар тегін бағдарлама жүзеге асырылуда. Олардың қатарында интенсивтер, Tomorrow School, Pizza Pitch және Smart City акселерациялық бағдарламасы бар. Бұл туралы Akmola Hub өкілі Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
РКС: Akmola Hub IT-қоғамдастықты дамыту мен технологиялық кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған жобаларды жүзеге асырады. Қазір мұнда IT саласына жаңадан қадам басқан тұрғындардан бастап, өз стартабын дамытып жүрген кәсіпкерлерге дейін түрлі мүмкіндік қарастырылған. Тамыз айында IT саласының өзекті бағыттары бойынша интенсивтер сериясы басталды. Қатысушылар өнімдік, жобалық басқару, GIS-аналитика, дата-аналитика, байт-кодинг және киберқауіпсіздік бағыттарын меңгеруде. Оқыту барысында теориямен қатар практикалық тапсырмаларға да басымдық беріледі.
СНХ: ӘСЕЛ ӘБДІРАХМАНОВА, AQMOLA HUB ДИРЕКТОРЫ: Біздің мақсатымыз – IT саласында дамығысы келетін кез келген адамға қолжетімді орта қалыптастыру. Сондықтан бағдарламаларымыздың барлығы тегін. Интенсивтерде біз тек теорияға емес, практикаға да үлкен мән береміз. Ал стартап жобалар үшін Pizza Pitch форматындағы кездесулер өткізіледі. Онда жоба авторлары инвесторлар мен сарапшыларға өз жобаларын таныстырып, кері байланыс алады. Сонымен қатар әр Pizza Pitch-тің жүлде қоры 450 мың теңгені құрайды.
РКС: Цифрлық технологиялар бағытында кәсіби білім алғысы келетіндер үшін Tomorrow School бағдарламасы іске қосылған. Жоба 24 сәуірде Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университет базасында ашылды. Қазір өтінім қабылдау жүріп жатыр, оқу 21 тамызда басталады.
СНХ: ӘСЕЛ ӘБДІРАХМАНОВА, AQMOLA HUB ДИРЕКТОРЫ: Tomorrow School-дың ерекшелігі – оқыту peer-to-peer әдістемесіне негізделген. Студенттер бір-бірінен үйреніп, нақты кейстерді шешу арқылы білім алады. Бағдарламаға тәжірибесі жоқ адамдар да қатыса алады. Өтініш беру процесі де қиын емес. Astana Hub платформасына кіріп, өтініш бересіз, ойын форматындағы тестілеуден өтесіз де іріктеу кезеңіне жолдама аласыз. Негізгі оқу мерзімі бір жарым жылды құрайды. Осы уақыт ішінде студенттер сегіз бағдарламалау тілін меңгереді, одан кейін практикалық кезеңге өтеді. Оқу аяқталған соң Tomorrow School-ды тәмамдағаны туралы сертификат беріледі.
РКС: Ал қалалық мәселелерді технология арқылы шешуге бағытталған Smart City акселерациясына өтінім 31 тамызға дейін қабылданады. Бағдарламада ауыл шаруашылығы, экология, көлік, туризм және қалалық инфрақұрылым бағытындағы жобалар сараланады. Екі айлық бағдарлама қорытындысында үздік он жоба финалға өтіп, оның ішінен үш жоба Көкшетау қаласының цифрландыру басқармасымен пилоттық жоба ретінде іске асыруға ұсынылады. Бұдан бөлек, 18-45 жас аралығындағы азаматтарға арналған TechWard бағдарламасы арқылы 500 мың теңгелік грант және алты айлық IT оқуы ұсынылады.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ