Бүгін - дүниежүзілік гуманитарлық көмек күні
ДИКТОР: Тамыздың 19-ы-дүниежүзілік гуманитарлық көмек күні. Бұл мереке Ақмола облысындағы көптеген қайырымдылық ұйымдары үшін кәсіби мереке деуге болады. Олардың мақсаты қиын жағдайға тап болған жандарға қол ұшын созып, қолдау көрсету. Өңірде адам тағдырына бей-жай қарамайтын, қажетті кезде көмек қолын созуға дайын бірнеше қоғамдық бірлестік жұмыс істейді. Олардың қызметі тілші материалында.
РКС:Қайырымдылық ұйымдар мұқтаж жандарға тек апат немесе төтенше жағдайда ғана емес, қоғамдық бірлестіктер аз қамтылған отбасыларға, жалғыз тұратын қарт адамдарға, көпбалалы отбасыларға және өзге де қиын жағдайға тап болған азаматтарға қолдау көрсетеді. Ақмола облысында «Ашық Жүрек-Открытое Сердце» қайырымдылық қорының жұмыс істеп келе жатқанына биыл 10 жыл. Қордың негізгі қызметі халықтың әлеуметтік осал топтарын киім-кешекпен қамтамасыз ету. Қазір қор арнайы акция ұйымдастырып отыр. Әрбір мұқтаж адам жұма күні келіп, 3 киім-кешек тегін ала алады.
СНХ: ОЛЕСЯ ЖАҒЫПАРОВА, «АШЫҚ ЖҮРЕК-ОТКРЫТОЕ СЕРДЦЕ» ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОРЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Қазір біз Көкшетау қаласының тұрғындарынан киім-кешек түрінде қайырымдылық қабылдап жатырмыз. Бұл киімдерді саралап, қажет болса жуып, үтіктеп ретке келтіреміз. Кейін мұқтаж жандарға ретінде таратамыз. Кейбір заттарды елді мекендердегі волонтерлерімізге жібереміз. Облыста төтенше жағдайлар орын алған кезде, мысалы, су тасқыны сияқты ауқымды апаттар болғанда, біз шұғыл түрде жұмыс істейміз. Халыққа үндеу жариялап, көмек жинауды ұйымдастырамыз. Тіпті кешкі сағат 10-ға дейін жұмыс істеп, тұрғындардан кімнің қандай көмегі бар, соны қабылдаймыз. Киім-кешек, матрас, жастық, азық-түлік себеттері және басқа да қажетті затты жинаймыз. Жиналған көмектің барлығын кейін төтенше жағдай болған жерге жібереміз.
РКС: Гуманитарлық көмекпен айналысатын жандардың басым көпшілігі волонтерліктен бастаған. Адамдарға көмектесуге құштар жандар бұл іспен шектеліп қана қоймай, әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асырып, қызмет аясын кеңейтті.
СНХ: АНАР БАТЫРӘЛИЕВА, «ЖИЗНЕННЫЙ ПУТЬ» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: Төтенше жағдайлар кезінде, су тасқыны болған кезде де біз киім-кешек жинап, азық-түлік себеттерін қалыптастырып, мұқтаж жандарға жеткізіп отырдық. Коронавирус пандемиясы кезінде барлығымыз үйде отырдық, біз де үйден шықпай, белгіленген режимді сақтадық. Бірақ сол кезде интернеттен, Instagram-нан зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың дәрі-дәрмектерін ала алмай, кезекте тұрғанын көрдім. Біз дәрі-дәрмектерді алып, мен өзім оларды қала бойынша мұқтаж жандарға жеткізіп отырдым. Әр волонтер өзіне бекітілген аудан бойынша жұмыс істеді. Осылайша біз адамдарға өз көмегімізді тигіздік.
РКС: Қазір өңірде 60-тан астам волонтерлік және қайырымдылық қозғалысы жұмыс істейді. Олардың қатарында кез келген жағдайда ақысыз көмек көрсетуге дайын 4 мыңға жуық волонтер бар. Мұндай жандар қиындыққа тап болған адамдарға тірек болады. Олардың істеген жақсы ісі, өзгелерді де мұқтаж жандарға көмектесуге ынталандырады.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, НАИР ЗАХОВАЕВ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ