Миллиондаған айыппұл: кәсіпкерлер автоматтандырылған өлшеу жүйесіне күмән келтірді
ДИКТОР: Ауыр жүк көліктерімен тауар тасымалдайтын кәсіпкерлерге миллиондаған айыппұл салынған. Алайда кәсіпкерлер мұнымен келіспейді. Олар жолдағы автоматты өлшеу жүйесі көлік салмағын қате көрсеткен деп санайды. Бүгін осы мәселе Кәсіпкерлер палатасының кеңесінде қаралды.
РКС: Мәселе Жаңа Колутон - Ақкөл - Азат - Минск және Красный Яр - Қонысбай - Васильковка бағыттарындағы жолдарға қатысты. Аталған аумақтарда орнатылған автоматтандырылған өлшеу жүйесі бірнеше жүк көлігін белгіленген салмақтан ауыр деп тіркеген. Соның негізінде кәсіпкерлерге қомақты айыппұл салынған. Алайда тасымалдаушылар жүйе көрсеткішінің дұрыстығына күмән келтіреді.
СНХ: НҰРБОЛ КАБДИНОВ, «BURABAY MILK» ЖӘНЕ «AKYLBAY AGRO» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ЗАҢГЕРІ: ТОО «Аkylbay Аgro»-ға 376 мың штраф. Екінші ТОО «Burabay Milk» 2 млн аса штарф келді. Біз келіспейміз, бізде барлық дәлелдер, показательдар бар. Біз екі орынға жүгіндік. Ақмола облысының инспекциясына және комитетке де жүгіндік. Біздің жалобамызды қарастырмай, солай қалдырды. Бүгінгі таңда сотқа жүгіндік. Бүгін енді осы Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасында осы мәселе оң шешімін тауып, кәсіпкерлерге көмектеседі деп ойлаймын.
РКС: Кәсіпкерлердің айтуынша, мәселе тек айыппұлда емес. Олар мұндай жағдайдың тағы да қайталануы мүмкін деп алаңдаулы. Себебі автоматтандырылған өлшеу жүйесіне қатысты шағымдар бұған дейін де тіркелген.
СНХ: РАСУЛ СЫЗДЫҚОВ, «АТАМЕКЕН» ӨҢІРЛІК КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: 2020 жылы, кейін 2023 жылы осындай шағымдар түскен. Қазір араға үш жыл салып, мәселе қайта көтеріліп отыр. Автоматтандырылған өлшеу жүйесі - ол жол бойынан өтіп бара жатқан ауыр жүк көліктерінің салмағын автоматты түрде тіркейді. Егер белгіленген талаптардан асып кетсе, көлік иесіне айыппұл салынады. Бір ғана оське түсетін салмақ бойынша талаптан асқан жағдайда айыппұл көлемі 300-600 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін. Сондықтан кәсіпкерлердің шағымын жан-жақты қарап, өлшеу құралдарының дұрыстығына көз жеткізу қажет.
РКС: Әзірге кәсіпкерлердің күдігі толық расталған жоқ. Жауапты органдар жүйенің өлшеу нәтижелері белгіленген талапқа сай екенін алға тартады. Дегенмен мәселенің мән-жайын анықтау үшін практикалық тексеру жүргізіледі. Егер өлшеу кезінде қателік немесе жүйеде ақау бары анықталса, айыппұлдарды қайта қарау мәселесі көтеріледі.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ