Интернет-алаяқтық: биыл өңірде 567 факті тіркелген
ДИКТОР: Ақмола облысында интернет-алаяқтық фактілерінің саны азайғанымен, тұрғындарға келетін шығын көлемі артып отыр. Биыл өңірде 567 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 118 фактіге аз. Алайда шығыны жоғары интернет-алаяқтық бойынша өсім байқалады. Биыл тұрғындар алаяқтарға 5 миллион теңгеден жоғары сомада ақша беріп, ірі көлемде шығынға ұшыраған жағдайлар көбейген.
РКС: Мамандардың айтуынша, алаяқтар адамдардың сеніміне кіріп, түрлі мемлекеттік органдардың қызметкері ретінде хабарласады. Тіпті азаматтарды қорқытып, шұғыл әрекет жасауға мәжбүрлейді.
СНХ: БЕКЗАТ НАЗАРОВА, ОБЛЫСТЫҚ КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ: Щучинск қаласында 72 жастағы әйел 17 миллион теңгесін алаяқтарға берген. Оған электр есептегіш қондырғысын ауыстыру қажеттігін айтып хабарласқан. Кейін тағы қоңырау шалып, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ұлттық банк қызметкері ретінде таныстырып, оның атына несие рәсімделіп жатқанын,ол қаржыны жедел «қауіпсіз шотқа» аударуды талап еткен. Әйел пәтерін сатқан қаржысын курьер арқылы беріп жіберген. Қазір бұл іс бойынша екі курьер ұсталып, үшінші күдіктіні анықтау бойынша жедел-іздестіру жұмыстары жүргізілуде.
РКС: Интернет-алаяқтар қолданатын тәсілдер күн сайын өзгеріп келеді. Алайда олардың негізгі мақсаты азаматтардың ақшасын иемдену. Мамандардың айтуынша, тұрғындар әсіресе әлеуметтік желідегі жалған жарнамаларға және күмәнді интернет-дүкендерге алданады.
СНХ: БЕКЗАТ НАЗАРОВА, ОБЛЫСТЫҚ КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ: Соңғы кезде инвестиция арқылы қаржы табуға болады деген жарнама көбейді. Бұл жерде ерекше назар аудару қажет. Әлеуметтік желіде аз уақыт ішінде жоғары табыс табуға уәде беретін жалған инвестициялық платформалар азаматтарды миллиондаған теңгеден қағуы мүмкін. Кей жағдайда адамдар пәтерін, көлігін сатып, бар қаражатын алаяқтарға беріп қояды. Сондықтан «аз ақша салсаң, көп пайда табасың» деген оңай табысқа сенбеуге шақырамыз.
РКС: Ал егер адам алаяқтың арбауына түсіп қалса, уақыт жоғалтпай полицияға жүгінуі керек. Телефон нөмірлері, хат-хабарлар, скриншоттар, түбіртектер мен басқа да дәлелдерді сақтап қойған маңызды. Бұл мәліметтер қылмысты ашуға және тергеу жұмыстарына көмектеседі. Ең бастысы – асықпау, үрейге берілмеу және кез келген күмәнді әрекетті бірнеше рет тексеру. Бір ғана SMS-код немесе абайсызда жасалған аударым үлкен қаржылық шығынға әкелуі мүмкін.
МАҚПАЛ АЙБАБИНА, САБЫР ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ