Негізгі Жаңалықтар Өңір «Жасыл» экономикадағы әлеуетін арттыруда

Өңір «Жасыл» экономикадағы әлеуетін арттыруда


ДИКТОР: Күн мен жел энергиясын тиімді пайдаланудан бастап, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуге дейін. Ақмола облысы «жасыл» экономиканы дамыту бағыттарын кеңейтіп келеді. Бүгінде өңірде жаңартылатын энергия көздерін дамыту саласында 17 жоба іске асырылған. Аймақта қолға алынып жатқан жобалар мен алдағы жоспарларды тілшіміз саралап көрді.

РКС: Соңғы жылдары Ақмола облысында жаңартылатын энергия көзін дамыту бағытында 17 жоба жүзеге асырылды. Оның инвестициялық құны 280 миллиард теңгеден асады. Жобалар құрылысының басым бөлігі 2020-2024 жылдар аралығында салынып, кезең-кезеңімен пайдалануға берілді. Бұл бастамаларға отандық инвесторлармен қатар, шетелдік компаниялар, оның ішінде Қытай инвесторлары да қаржы құйды. Бүгінде жұмыс істеп тұрған нысандардың жалпы қуаты 500 мегаваттан асады. Соның бірі – Аршалы ауданында қолға алынған жаңа жоба – гибридті электр станциясы. Мұнда жел мен күн энергиясын өндіру жүйесі электр қуатын жинақтау технологиясымен үйлестіріледі. 

СНХ: ЖАНЕЛЬ ҚАРАБЕКОВА, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ӨНЕРКӘСІП БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: Бұл – заманауи гибридті электр станциясы. Жоба екі кезең бойынша жүзеге асырылады. Жыл соңына дейін қуаты 25 мегаватт болатын бірінші кезеңді іске асыру жоспарланған. Оның 16 мегаватты – жел, 9 мегаватты – күн энергиясы есебінен өндіріледі. Ал келер жылдың соңына дейін кешеннің жалпы қуатын 250 мегаватқа дейін жеткізу көзделіп отыр. Сондай-ақ, жоба жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. 200 уақытша, тұрақты 100 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

РКС: «Жасыл» экономика ұғымы тек экологиялық таза энергия өндірумен шектелмейді. Оның маңызды бағытының бірі – қалдықтарды азайтып, қайта өңдеу көлемін арттыру. Осы мақсатта Ақмола облысында қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеуге арналған заманауи 3 кешен іске қосылмақ. Олар Көкшетау қаласында, Бурабай мен Зеренді аудандарында бой көтереді. Жаңа нысандар тұрмыстық қалдықтарды тиімді басқаруға және қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік береді.

СНХ: МӘРИЯМ ӘБІШЕВА, СЕРІКТЕСТІК БАСШЫСЫ: Біздің кәсіпорын Ақмола облысында қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу кешенін салу бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асыруға кірісті. Жоба үш аумақта іске асырылады, жалпы қуаты – жылына 150 мың тонна. Көкшетау қаласына – 70 мың, ал аудандарға 40 мың тоннадан тиесілі. Кешенде алдымен қалдықтар сұрыпталып, құрамындағы пайдалы компоненттер ажыратылады. Кейін пластикті қайта өңдеп, түйіршікке айналдырамыз. Ал қағаз, шыны секілді басқа да пайдалы қалдықтар осы бағытта жұмыс істейтін қазақстандық қайта өңдеу кәсіпорындарына жөнелтіледі. Жоба аясында 150 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Құрылыс-монтаж жұмыстарының негізгі бөлігін осы жылдың соңына дейін аяқтау көзделген. Кешен келер жылдың бірінші жартыжылдығында пайдалануға беріледі. 

РКС: Ақмола облысы үшін «жасыл» экономика – қоршаған ортаны қорғау құралы ғана емес. Ол – инвестиция тарту, озық технологияларды енгізу, жаңа жұмыс орындарын ашу және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану. Мемлекет басшысы еліміздің энергетикалық балансындағы жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 2030 жылға қарай 15 процентке жеткізу міндетін жүктеген. Осы орайда баламалы энергия көздерін дамыту, қалдықтарды қайта өңдеу және «жасыл» экономиканың өзге де бағыттарындағы жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасау жұмыстары жалғасады.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.


Бөлісу

Аймақтық телеарналар