Төлем қабілетін қалпына келтірудің жолдары
ДИКТОР: Бүгінгі күні облыс бойынша 61 борышкер қаржы ұйымдарына 696 миллион теңгеге жуық берешек. Оларға қатысты төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімі жүргізіліп жатыр. Бұл рәсім сот тәртібімен ғана жүзеге асады делінді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында. Тілші баяндайды.
РКС: Қазақстан заңнамасында қаржылық қиындыққа тап болған азаматтарға көзделген тетіктердің бірі –төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі. Бұл рәсім ең алдымен төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге нақты мүмкіндігі бар азаматтарға арналған. Бұл рәсімнің бір ерекшілігі, азамат банкрот деп танылмайды, керісінше сот бекіткен жоспарға сәйкес қаржы ұйымдарының алдындағы қарызын өтеуге мүмкіндік алады. Егер қаржы ұйымдарының алдындағы қарызыңызды уақытында төлеуге жағдайыңыз болмаса, өзіңіздің тұрғылықты жеріңіз бойынша сотқа дербес өтініш бере аласыз. Өтінішті жазбаша немесе электронды түрде беруге болады. Онда соттың атауы, кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру мүмкін еместігінің негіздемесі және қажетті құжаттар қоса беріледі. Бұл рәсімдердің бәріне қаржы басқарушысы қатысады.
СНХ: ТОБЫЛ ДЕМЕСІНОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: Осы рәсімді қолдану үшін екі шарт: тұрақты табыс болу керек немесе мүлік болу керек. Екеуінің біреуі, план бойынша борышкер өзі осы қаржы басқарушысымен келістіреді, осы планда көрсетеді, ол осы берешекті қалай жабады. Мүлкін сата ма, немесе өзінің табысы арқылы жаба ма, берешекті. Әр борышкерде әр түрлі жағдай. Біреудің мүлкі бар, біреудің тұрақты табысы бар. Біреу айтады мен мүлкімді жалға беріп, соның пайдасы арқылы берешекті өтеймін деп.
РКС: Талдау нәтижелері бойынша қаржы басқарушысы қорытынды жасайды және оны соттың іс қозғау туралы ұйғарымы шығарылған күннен бастап 20 күн ішінде сотқа ұсынады. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарында берешекті төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу, айыппұлдарды, өсімпұлдар мен тұрақсыздық айыбын кешіру, қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесін төмендету, жалпы өтеу мерзімін ұзарта отырып, ай сайынғы төлемдер мөлшерін азайту сияқты процедуралар көрсетіледі. Осылайша азаматтың жағдайы ескеріле отырып, жоспарды орындау мерзімі 5 жылға белгіленеді.
ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ-АҚПАРАТ