Негізгі Жаңалықтар Бюджет қаражатын тиімді жұмсау мәселесі талқыланды

Бюджет қаражатын тиімді жұмсау мәселесі талқыланды


ДИКТОР: Ақмола облысының бюджеті 707 миллиард теңге. 1 тамыздағы жағдай бойынша оның 98,5 пайызы игерілген. Бюджет қаражатын игерудегі басты мақсат – оны толық жұмсау емес, тиімді әрі мақсатты пайдаланып, халыққа нақты пайдасын тигізу. Осы мәселе Көкшетауда өткен диалог алаңында жан-жақты талқыланды.

РКС: Бюджетті жоспарлау, қаражатты игеру және мемлекеттік сатып алу рәсімдері – мемлекеттік қаржының тиімді жұмсалуына тікелей әсер ететін бағыттар. Жиында 2025-2026 жылдардағы бюджеттік процестің өзекті мәселелері, мемлекеттік сатып алу саласындағы негізгі заң бұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері талқыланды. 

СНХ: АҚЖОЛ ҚЫЛЫШБАЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Жалпы, алғанда былтыр Көкшетауға облыстық бюджеттен 15,4 миллиард теңге бөлініп, оның 15,2 миллиард теңгесі игерілді. Қаражаттың негізгі бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен құрылыс салаларына бағытталды. Атап айтқанда, 6,2 миллиард теңге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарына, оның ішінде 4,3 миллиард теңге жолдарды салу және жөндеуге жұмсалды. Ал құрылыс нысандарына 6,9 миллиард теңге бағытталды. Оның ішінде 2,8 миллиард теңге тұрғын үй құрылысына, 1,6 миллиард теңге инженерлік желілерге, 1,2 миллиард теңге сумен және жылумен жабдықтау желілерін реконструкциялауға жұмсалды.

РКС: Жиында ішкі мемлекеттік аудит барысында анықталған негізгі заң бұзушылықтар талданып, олардың қайталануына жол бермеу мәселелері көтерілді. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен жаңа талаптар түсіндірілді.

 СНХ: ӘСЕМГҮЛ МАҚТАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУ ЖӘНЕ КОММУНАЛДЫҚ МЕНШІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының 72-тармағына сәйкес, бірінші және екінші санаттағы құрылыс-монтаждау жұмыстарына тиісті рұқсаты бар және құрылыс-монтаждау жұмыстарына қатысы жоқ сатып алуларға қатысатын әлеуетті өнім берушілер материалдық және еңбек ресурстарының болуын тиісті лицензиямен растайды.Сонымен қатар, қағидалардың 74-тармағында тапсырыс берушілердің қосымша материалдық және еңбек ресурстарын, сондай-ақ тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте тіркелуді талап ету мүмкіндігі қарастырылған. Осыдан шағымдар туындап отыр. 

РКС: Мамандардың айтуынша, мемлекеттік сатып алудағы басты тәуекелдің бірі – әлеуетті өнім берушілерге қойылатын талаптардың негізсіз қатаңдатылуы. Мұндай жағдай бәсекелестікті шектеп, жекелеген компанияларға негізсіз артықшылық беруі мүмкін.   

СНХ: НҰРҚАТ БАТЫРҚҰЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Бұл жерде бірнеше бағытта және бірнеше этапта болады. Бюджетті жоспарлауда, бюджетті іске асыруда, бюджеттің сатып алу, бақылау және оны жіберген қателіктерін қадағалау. Бұл жерде бюджетті жоспарлау мекемелері, сатып алуды ұйымдастыру мекемелері және осыны бақылаушы, қадағалаушы мекемелер қатысады. Департамент жыл басынан бері бірнеше іс-шара ұйымдастырды. Екінші жартыжылдықта тағы да жоспар бойынша ұйымдастыру шараларымыз бар. 

РКС: Жиында біліктілік талаптарын негізсіз арттыру да сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бірі ретінде аталды. Тапсырыс берушілердің материалдық және еңбек ресурстарына қосымша талаптар қоюы әлеуетті өнім берушілер санын шектеп, жекелеген компанияларға негізсіз артықшылық беруі мүмкін. Диалог алаңының қорытындысы бойынша бюджет қаражатын жоспарлау мен игеруге бақылауды күшейту, мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бойынша ұсыныстар әзірленді.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу

Аймақтық телеарналар