Ауыл құтқарушылары тағы екі елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді
ДИКТОР: Ақмола облысында «Ауыл құтқарушылары» ерікті өрт сөндіру бекеттерінің қатары толықты. Есіл ауданына қарасты Знаменка ауылында ел бойынша 240-шы өрт сөндіру пункті ашылды. Енді жаңа бекет екі елді мекендегі 1300-ге жуық тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
РКС: Аудан орталығынан Знаменка ауылына жету үшін бір сағаттан астам уақыт қажет. Сондықтан мұнда өрт сөндіру бекетінің ашылуы тұрғындар үшін аса маңызды. Тұрғындардың айтуынша, енді төтенше жағдайда көмек әлдеқайда жедел жетеді.
СНХ: ҒАЛЫМЖАН КЕРІМБЕКОВ, ЗНАМЕНКА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Жаңа өрт сөндіру бекетінің ашылуы – ауылымыз үшін үлкен оқиға. Себебі өрт шыққан жағдайда құтқарушылардың жақын жерде болуы өте маңызды. Отбасымыз бен үйіміздің қауіпсіздігіне сенімдіміз.
РКС: Жаңа нысан жергілікті кәсіпкердің қолдауымен салынды. Ал Төтенше жағдайлар министрлігі бекетті өрт сөндіру автоцистернасымен қамтамасыз етті. Бекетте құтқарушылардың кезекшілік атқаруына қажетті жағдай жасалған.
СНХ: ОЛЬГА ШАГВАЛЕЕВА, ЗНАМЕНКА АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ: Бекет өрт техникасымен, байланыс құралдарымен және арнайы жабдықпен толық қамтылған. Жылы бокс пен қызметкерлерге қажетті жағдай жасалған. Мұнда арнайы даярлықтан өткен мамандар қызмет атқарады.
РКС: Соңғы аптада Ақмола облысында осындай үш ауылдық өрт сөндіру бекеті ашылды. Соның бірі Шортанды ауданындағы Бектау ауылында жұмысын бастады. Ол төрт елді мекендегі 2 мыңға жуық тұрғынның қауіпсіздігіне жауап береді.
СНХ: АНДРЕЙ ГУРИЧ, БЕКТАУ АУЫЛЫ ӨРТ СӨНДІРУ БЕКЕТІНІҢ БАСТЫҒЫ: Бекет толық жабдықталған. Төрт ауылдағы 1831 тұрғын мен 472 нысанға қызмет көрсетеміз. Бұрын өрт сөндірушілер аудан орталығынан келетін.
РКС: Айта кетейік, соңғы аптада ауыл құтқарушылары өңірдің бес ауданында орын алған өртті дер кезінде ауыздықтап, тілсіз жаудың өршуіне жол бермеді.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ