Бірлік пен келісім - ел дамуының басты құндылығы
ДИКТОР: Көкшетауда этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған басқосу өтті. Дөңгелек үстел форматында ұйымдастырылған жиынға 20-дан астам этнос өкілі қатысып, елдегі бірлік пен өзара ынтымақтастықтың маңызы талқыланды.
РКС: Кездесуде этносаралық қатынастарды тұрақтандыру және құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланды. Жиынға құқық қорғау органдарының өкілдері қатысып, әлеуметтік желілердегі арандатушылық сипаттағы жазбалар мен ұлтаралық араздықты қоздыруға жол бермеу қажеттігін атап өтті. Мамандар тұрғындарға ақпаратты таратпас бұрын оның шынайылығын тексеруге және әлеуметтік желілерде өзара құрмет пен жауапкершілік қағидаларын сақтауға шақырды. Құқықтық жауапкершілік пен профилактикалық шаралар туралы да түсіндірілді.
СНХ: АБЫЛАЙХАН ТӨЛЕУБАЙ, ОБЛЫСТЫҚ ЭКСТРЕМИЗМГЕ ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ: Негізінен, мұның барлығы әлеуметтік желілердің әсерінен орын алады. Кейбір азаматтар әлеуметтік желілерде өз сөздеріне мән бермей, бір-бірін ұлтаралық және нәсілдік белгілері бойынша қорлай бастайды. Мұндай жағдайлар өте көп. Сонымен қатар, Instagram-ға немесе басқа да әлеуметтік желілерге қандай да бір ақпарат жарияламас бұрын, оның дұрыстығын тексеріп алған дұрыс. Егер арандатушылық жағдай орын алса, арандатуға бармай, сабыр сақтап, дұрыс әрекет еткен жөн. Біріншіден, барлығы әрқайсымыздан басталады. Әр адам өзінің не айтып, не жазып отырғанын түсінуі керек. Бір-бірімізді құрметтеп, бір-бірімізді қорламауымыз қажет, орынсыз әзілге де жол бермегеніміз дұрыс.
РКС: Сондай-ақ азаматтардың алдағы саяси үдерістерге жауапкершілікпен қатысуының маңызы да атап өтілді. Қатысушылар елдің тұрақтылығы мен бірлігін сақтауда қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің айтарлықтай роль ойнайтынын атап өтті.
СНХ: ЖАННА СИН, «ЧИНСОН» КОРЕЙ МӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ: Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, біз – біртұтас Қазақстан халқымыз. Бүгінгі басқосу да осы бірліктің айқын көрінісі. Алда ел өмірінде маңызды әрі жауапты кезеңдер тұр. Осыған орай еліміздегі барлық этномәдени бірлестіктер мен түрлі этнос өкілдері ортақ Отанымыздың болашағына бей-жай қарамай, өз азаматтық ұстанымдарын білдіруге дайындалуда. Әр азаматтың таңдауы – елдің ертеңіне деген жауапкершілігі. Сондықтан алдағы маңызды саяси оқиғада саналы шешім қабылдау – баршамызға ортақ міндет. Бұл – өзара түсіністік пен ынтымақтастықты сақтап, ел бірлігін одан әрі нығайта түсудің маңызды қадамы.
РКС: Ақмола облысында этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайту бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Өңірде 45 этномәдени бірлестік аккредиттеуден өтіп, Достық үйінің аясында түрлі мәдени, қоғамдық және ағартушылық іс-шараларға белсене қатысады. Биыл 200-ден астам түрлі форматтағы іс-шара ұйымдастырылған. Бұл бағыттағы жұмыстар жылдың екінші жартысында да жалғасады.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ