Адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі
ДИКТОР: Көкшетауда «Жаңарған Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбында қалалық тамыз конференциясы өтті. Маңызды басқосуға қала мектептерінің 4 мыңға жуық ұстазы онлайн форматта, 300-ден астам мұғалім офлайн қатысты.
РКС: Бүгінде Көкшетауда мектепке дейінгі және орта білім беру саласында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Қаладағы балабақшаларда 8 мыңнан астам бүлдіршін тәрбиеленсе, жаңа оқу жылында 31 мектепте 31 мыңнан астам оқушы білім алады. Биыл бірінші сыныпқа 3 мыңнан астам бала қабылданды.
СНХ: ӘЙГЕРІМ ҚОШАНОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: 1-сыныпқа құжаттар OQU ұлттық білім беру платформасы арқылы қабылданды. Құжаттарды қабылдау үдерісі толығымен автоматтандырылып, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етті. Білім беру жүйесінің негізгі көрсеткіші саналатын білім сапасы 2025-2026 оқу жылының қорытындысы бойынша 62,4%-құрап, өткен оқу жылымен салыстырғанда оң динамиканы көрсетті. Сонымен қатар,«Алтын белгі» иегерлері де жоғары нәтижеге қол жеткізіп, 62 түлектің 39-ы яғни, 63 пайызы Қазақстанның жоғары оқу орындарына білім гранттарын ұтып алды. Қазіргі таңда Жергілікті атқарушы органдардың гранттарын бөлуді күтеміз.
РКС: Жаңа оқу жылына дайындық барысында оқушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған жұмыстар жүргізілді. Білім ордалары қажетті материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етіліп, оқу процесін ұйымдастыруға дайындық пысықталды.
СНХ: ТІЛЕУКЕН АХМЕТБЕКОВ, КРАСНЫЙ ЯРДАҒЫ №1 ОРТА МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ: Ұстаздар қауымы үшін ең басты міндет оқушыларымызға сапалы білім, саналы тәрбие беру. Оқу жылына мектептеріміз дайын. Толыққанды материалдық-техникалық жабдықтармен жабдықталған. Биылғы жылы 3-ші сыныптарға жаңа оқулықтар табыстайтын болады. Біздің мектебіміз 1967 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Былтыр 930-ға жуық шәкірт тәмамдаған болса, биыл да осы межеде болады деп отырмыз. 300-ге жуық оқушыны автобус тегін тасымалдайды. Бастауыш сыныптар тағаммен толық тегін қамтамасыз етіледі.
РКС: Конференция залына кіреберісте білім беру саласындағы заманауи мүмкіндіктерді таныстырған көрме ұйымдастырылды. Көпшілік назарына жаңа оқу жылына арналған оқулықтар, робототехника және білім беру платформалары, жасанды интеллект технологиялары, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған құрылғылар, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға бағытталған заманауи құралдар ұсынылды. Бүгінде қалада ерекше білім беру қажеттіліктері бар 1500-ден астам бала бар. Жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа қабылданған ерекше білім беру қажеттіліктері бар бала саны 77-ні құрады. Оларға қажетті кешенді қолдау көрсету үшін 5 инклюзияны қолдау орталығын ашуға 62,5 млн теңге бөлінді.
СНХ: САЛТАНАТ БЕЙСЕМБАЕВА, №17 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ЛОГОПЕД-МҰҒАЛІМІ: Мектебімізде инклюзивті қолдау кабинеті жұмыс істейді. Педагог-психолог, дефектолог, логопед және 14 педагог-ассистент қызмет атқарады. Педагог-ассистенттер сабақ барысында әр баланы жеке сүйемелдеп, оқу үдерісіне бейімделуіне қолдау көрсетеді. Бүгінде балалармен жүйелі жұмыс жүргізілуде. Халықаралық UNICEF ұйымы бізге коммуникативтік дағдылары бұзылған балаларға арналған планшеттер мен PECS карточкаларын, сондай-ақ ноутбук, компьютер және төрт планшет сыйға тартты. Бұл құралдар сабақтардың тиімділігін арттыруға үлкен көмек көрсетуде.
РКС: Жиын соңында білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген педагогтер мен білім беру ұйымдарының үздіктері марапатталды. Ұстаздарға Ақмола облысының әкімі мен Оқу-ағарту министрінің Алғыс хаттары табысталды. Марапаттау рәсіміне Көкшетау қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев арнайы қатысып, білім саласының үздіктерін құттықтап, еңбектеріне алғыс білдірді.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ