Негізгі Жаңалықтар Алғашқы құрылтай сайлауы аяқталды

Алғашқы құрылтай сайлауы аяқталды


ДИКТОР: Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында орналасқан №37 сайлау учаскесіндегі сайлаушылардың арасында 18 жасқа толып, өздерінің конституциялық құқығын алғаш рет пайдаланған 6 азамат болды. Жастардың белсенділігіне сайлау комиссиясы мен байқаушылар ерекше тоқталып өтті. Сағат 20:00-де сайлау учаскелері жабылып, қазіргі уақытта дауыстарды нақты санау процесі жүріп жатыр. 37-ші сайлау учаскесінде болып қайтқан тілші айтсын. 

ИНТЕРШУМ: 

РКС: Учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері әсіресе түске жақын азаматтардың белсенділігі өте жоғары болғанын атап өтті. Өнер мен мәдениеттің мәйегіне айналған ордалы шаңырақта сайлаушылардың көңіл-күйін көтеретін шағын концерттік бағдарлама ұсынылып, ән-жырдан шашу шашылды. Бір сөзбен айтқанда, ел болашағының жарқын болуы үшін өз таңдауын жасауға келгендер ерекше әсермен қайтқан. Саяси науқан процесі ел заңнамасында белгіленген тәртіпке сай жүргізілді,-дейді сайлау комиссиясының мүшелері.  

СНХ: БӘТИМА АЛПЫСБАЙ, №37 УЧАСКЕЛІК САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ: Біздің сайлау учаскесінде тіркелген 2641 сайлаушының 70 проценттен астамы өз таңдауын жасап, дауыс берді. Сондай-ақ, бір есептен шығару куәлігі берілді. Бұдан бөлек, Астана қаласынан есептен шығару куәлігімен келген бір азамат біздің сайлау учаскемізде дауыс берді. Денсаулық жағдайына байланысты сайлау учаскесіне келе алмаған 10 сайлаушы өз үйлерінде дауыс беру мүмкіндігін пайдаланды.

РКС: Дауыс беру барысында сайлау учаскесінде белгіленген тәртіп толық сақталды. Оның барысын байқаушылар мұқият қадағалап отырды. Олар учаскедегі жұмыстың алғашқы минуттарынан бастап, дауыс беру аяқталып, учаске жабылғанға дейін бақылау жүргізді. Дауыс беру процесін халықаралық байқаушылар да назарда ұстады. Сайлау учаскесінде Германия мен Норвегиядан келген өкілдер жұмыс істеп, дауыс берудің ұйымдастырылуы мен өту барысын жіті бақылады. Сағат кешкі сегізден кейін сайлау учаскесі жабылып, комиссия мүшелері бюллетеньдерді санауға кірісті. Әр бюллетень мұқият тексеріліп, тиісті санат бойынша сұрыпталды.

ИНТЕРШУМ: 

РКС: Қатысушылардың айтуынша, сайлау учаскесіндегі дауыс беру процесі ашық әрі әділ өтті. Сайлау рәсімдеріне қатысты ешқандай заң бұзушылық тіркелген жоқ. Елдің болашағына алаңдайтын әр азамат өз таңдауын жасап, азаматтық ұстанымын білдірді. Ал бүгінгі сайлаудың қорытындысы Қазақстанның алдағы даму бағыты мен елдің болашақтағы саяси-әлеуметтік бағдарын айқындауға тікелей ықпал етпек.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЛАУРА ФАЙЗУЛЛА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу

Аймақтық телеарналар