Құрылтай сайлауына ерекше образбен келген сайлаушы
ДИКТОР: Көкшетаудағы №727 сайлау учаскесінде 2788 сайлаушы тіркелген. Бүгін олардың басым бөлігі өз таңдауын жасау үшін дауыс беруге келді. Арасында сайлау учаскесіне ерекше образбен келіп, көпшіліктің назарын аударғандар да бар.
РКС: Солардың бірі – Тимур Қожахметов. Ол дауыс беруге фантастикалық әлемдегі ғарыш жауынгерінің кейпін сомдап, ерекше костюммен келген. Образды дайындауға бір жыл уақыт жұмсаған. Ал толық жабдықталған сауыттың салмағы 41 келі.
СНХ: ТИМУР ҚОЖАХМЕТОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Мен мұнда бесінші легионның ғарыш жауынгерінің костюмін киіп келдім. Warhammer әлеміндегі бұл легионның бейнесі дала көшпелілерінен алынған. Сондықтан оларды «ғарыш қазақтары» деп атауға болады. Мен Warhammer әлеміне он жылдан бері қызығамын. Өткен Comic-Con фестиваліне барып, осындай костюм жасап көруге шешім қабылдадым. Костюмді басып шығару, бояу, тегістеу және басқа да жұмыстардың барлығын өзім жасадым. Дауыс беру – әр адамның өз таңдауы. Бірақ бұл тек құқық емес, азаматтық міндет деп те ойлаймын. Бұл әлемде әртүрлі топтар бар. «Ақ тыртықтар» – Императорға адал жауынгерлер. Олардың жетекшісі Джагатай Хан да өз сөзіне берік болған. Бұл кейіпкер үшін ең маңызды ұғымдардың бірі – жеке жауапкершілік.
РКС: Сайлау күніндегі мұндай ерекше көріністерге заңнамада шектеу қойылмаған. Сондықтан азаматтар өз таңдауларын түрлі образда білдіре алады. Ең бастысы – сайлау учаскесіндегі тәртіп пен дауыс беру талаптарының сақталуы.
СНХ: ГҮЛДЕН ҚАСҚАРОВА, №727 УЧАСКЕЛІК САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ: Қазіргі таңда сайлаушылардың белсенділігі жақсы, халықтың көңіл күйі көтеріңкі. Азаматтар өздерінің конституциялық құқығын пайдаланып, ел болашағына өз таңдауын жасау үшін дауыс беруге ертеңгі көңіл күймен келіп жатыр. Соның бірі бүгін бізге аниматор, ғарыш десантының киімінде келіп, ерекше көңіл күй сыйлады. Сайлау учаскесіне әртүрлі кейіпкерлердің арнайы киімдерімен келуіне заңнамаға сәйкес рұқсат етілген. Жалпы, сайлау учаскесінде барлық қажетті жағдай жасалған, дауыс беру процесі ұйымдасқан түрде өтіп жатыр. Барша азаматтарды белсенділік танытып, өз таңдауын жасауға шақырамын.
РКС: Елімізде жүріп жатқан сайлау барысын халықаралық байқаушылар да жіті қадағалап отыр. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілдері ел аумағындағы бірқатар сайлау учаскесіне барып, дауыс беру процесінің ұйымдастырылуын бақылауда. Көкшетау қаласы да халықаралық байқаушылардың назарындағы аумақтың бірі.
СНХ: SARAH, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙҚАУШЫ: Мен Ирландиядан келдім. Бүгін Қазақстандағы сайлау процесін халықаралық байқаушы ретінде бақыладым. Қазақстан тарапы арнайы шақырды. Бүгін бірнеше сайлау учаскесіне барып, дауыс беру барысының қалай өтіп жатқанын қадағаладым.
СНХ: HANNS, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙҚАУШЫ: Мен Германиядан келдім. Мен де халықаралық сайлауды бақылау комиссиясының құрамындамын. Екеуіміз Қазақстанға, нақтырақ айтқанда, Көкшетауға осы өңірдегі сайлау барысын бақылау үшін келдік. Әр бақылаушыға жауапты аумақ бекітілген. Біздің аумақ – Көкшетау қаласы. Бүгін мұндағы бірнеше сайлау учаскесіне барып, дауыс беру процесін басынан аяғына дейін бақыладық.
РКС: Байқаушылардың міндеті – сайлауға араласу емес, дауыс беру процесінің заң аясында өту барысын сырттай бақылап, өздеріне бекітілген учаскелердегі жағдайды бағалау болды.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ