Ақкөлде жаңғыртылған өрт сөндіру бекеті ашылды
ДИКТОР: Ақкөл қаласында жаңғыртудан өткен №26 өрт сөндіру бөлімінің жаңа депосы пайдалануға берілді. Бұл нысан 22 мыңнан астам тұрғыны бар 28 елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Жаңарған өрт сөндіру депосының мүмкіндіктерін Төтенше жағдайлар Министрі Шыңғыс Әрінов арнайы барып көрді.
РКС: Төтенше жағдай кезінде әр секунд санаулы. Адам өмірін сақтап қалуда құтқарушылардың жедел әрекетімен қатар, заманауи техникамен жарақтануы мен қызмет атқаруына жасалған жағдай да маңызды. Осы ретте Ақкөлдегі №26 өрт сөндіру бөлімінде ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, құтқарушылардың мүмкіндігі жаңа деңгейге көтерілді.
СНХ: ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ: Ақкөл ауылында реновацияның кезегі жетті. Біз үшін үлкен қуаныш. Бүгін шынымен де қуанышты сәт біз үшін. Бұрынғы тәжірибеміз бар. Сол тәжірибеге сәйкес, Макинск, Красный Яр, Ерейментауда өте тамаша осындай реновация жұмыстарын өткіздік. Биылға әлі жоспарымыз бар тағы. Бұның бәрі құрметті президентіміздің салиқалы саясаты, жасап жатқан ауқымды реформалары. Соның аясында біздің министрлік те қалыспай, жаңа әлемге қадам басып жатыр. Жауынгерлік киімдеріміз 100% Ақмола горнизонына берілді. Құрылғыларымыз, техникаларымыз жаңартылып жатыр, ғимараттарымыз, тұрғын үй мәселесі, баспана, бәрі де кезең-кезеңімен шешілуде. Бұның бәрі айқын көрінісі деп ойлаймын
РКС: Жаңғырту жұмыстары барысында өрт сөндіру бөлімінің ғимараты толық жөндеуден өтіп, жеке құрамға қызмет атқаруға және тынығуға қолайлы жағдай жасалды. Құтқарушылардың дене дайындығын шыңдау үшін заманауи спорт залы жабдықталған. Сонымен қатар бөлім аумағында тікұшақ қонатын орын, воркаут және футболға арналған спорт нысандары бой көтерді. Арнайы техниканың жедел шығуын қамтамасыз ету үшін алты көлікке арналған модульдік бокс салынды. Бұдан бөлек, техниканы жууға және жөндеуге қажетті арнайы орындар қарастырылған.
СНХ: ДМИТРИЙ ЕРМАК, АҚКӨЛ АУДАНЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ: Бұл бөлімше 1979 жылы ауыл шаруашылығы басқармасының базасында құрылған. 1999 жылы әскерилендірілген мәртебеге ие болып, толыққанды өрт сөндіру бөлімшесі ретінде жұмысын жалғастырды. Биыл Төтенше жағдайлар министрінің бағдарламасы аясында бөлімшені жаңғырту туралы шешім қабылданып, нысанда ауқымды жұмыстар жүргізілді. Бұған бұл аумақтың орманды аймақта орналасуы да себеп. Бөлімшенің жауапкершілік аумағы 9 мың 100 шаршы шақырымнан асады.
РКС: Жөндеу жұмыстарына белсене қатысып, бөлімшенің жаңғыртылуына үлес қосқан азаматтар «Төтенше жағдайлар министрлігіне 30 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. Ал орманды-дала өртін сөндіру кезінде көрсеткен батылдығы мен кәсібилігі үшін «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалі табысталды. Бірқатар қызметкерге Төтенше жағдайлар министрлігінің Алғыс хаты берілді.
СНХ: АСХАТ ӘШКЕНОВ, №26 ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ ЖҮРГІЗУШІ-ҚЫЗМЕТКЕРІ: Осы жұмысқа 2004 жылы келдім. Арада 22 міне 23 жылға кетті. Өте қуаныштымыз. Заманға сай ғимарат салып берді министрлік тарапынан. Өте қуаныштымыз. Техника жаңартылып жатыр. Қару жарағымыз, формамыз, осындай ғимараттар салып жатыр. Әскерден келе сала осы қызметті таңдадым. Ағаларым істеді. Үлкен ағам істеді осында. 2016 жылы зейнетке шықты. Шопыр болып келдім, жүргізуші болып, осы күнге дейін шопыр болып істеп жүрмін.
СНХ: СЕРІК МҰРАТОВ, №26 ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ ЖҮРГІЗУШІ-ҚЫЗМЕТКЕРІ: Бүгін жаңа частьіміз ашылып жатыр. Соның арқасында медаль алдық 30 жылдық деген. Министрімізге көп-көп рахмет. Әдемі, жақсы өрт ссөндіру бөлімін ашқанына. 2008 жылдан бастап жүрмін осы салада.
РКС: Елімізде Төтенше жағдайлар министрлігінің «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында 242 өрт сөндіру бекеті ашылды. Оның 47-сі Ақмола облысында. Жыл соңына дейін өңірде тағы 23 өрт сөндіру бекетін іске қосу жоспарланып отыр.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ