Инвесторлардың құқығын қорғау күшейтілді
ДИКТОР: Енді инвесторлар мен мемлекеттік органдар арасында дау туындаса, оны сотқа жеткізбей шешуге болады. Қазақстанда осыған мүмкіндік беретін жаңа тетік іске қосылды. Бас прокуратура жанындағы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті арнайы комиссия құрды. Ол инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде туындайтын даулы мәселелерді қарайды.
РКС: Инвестициялық жобаны жүзеге асыру кезінде жер телімі, инфрақұрылым және инженерлік желілерге қосылу мәселесі жиі туындайды. Ақмола облысында инвесторларға бұл бағытта жан-жақты қолдау көрсетіледі. Aqmola Invest жобаны жоспарлау кезеңінен бастап сүйемелдейді. Ал жергілікті деңгейде шешілмеген мәселелер Өңірлік инвестициялық штабтың қарауына шығарылады. Жыл басынан бері штабтың 10 отырысы өтті.
СНХ: АСХАТ АХМЕДЬЯНОВ, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ӨНЕРКӘСІП БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Инвесторлардың құқығын қорғау – біздің негізгі міндеттеріміздің бірі. Осы бағытта облыс әкімдігі мен Бас прокуратура арасында меморандумға қол қойылды. Бұл мемлекеттік органдардың бірлесіп жұмыс істеуіне және мәселелерді тезірек шешуге мүмкіндік береді. Инвестициялық жобаны жүзеге асыру кезінде әртүрлі қиындықтар туындауы мүмкін. Бастысы – олардың инвесторға кедергі болуына жол бермеу.
РКС: Қазір Ақмола облысының инвестициялық пулында 158 жоба бар. Жыл басынан бері өңірге 320 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған. Жаңа комиссияның жұмысы осы жобаларды жүзеге асыру кезінде туындайтын даулы мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік бермек.
СНХ: БАУЫРЖАН ЕРАЛЫ, ИНВЕСТОРЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ КОМИТЕТТІҢ ТӨРАҒАСЫ: Негізгі мақсат - инвестициялық жобаларды жүзеге асыру кезінде туындайтын мәселелерді уақытында шешу. Мемлекеттік органдармен келіспеушілік инвестиция тартуға кедергі болмауы керек. Әр жағдай бойынша бес адамнан тұратын комиссия құрылады. Оның құрамына Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитеті өкілдері кіреді.
РКС: Айта кетейік, комиссия тек инвестициялық қызметке қатысты дауларды қарайды. Ал корпоративтік, коммерциялық және азаматтық-құқықтық мәселелер комиссияның құзыретіне кірмейді.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ