Негізгі Жаңалықтар Ақмола облысында алғаш рет кәсіби әйелдер волейбол командасы жасақталды

Ақмола облысында алғаш рет кәсіби әйелдер волейбол командасы жасақталды


ДИКТОР: Ақмола облысында алғаш рет кәсіби әйелдер волейбол командасы құрылды. «Оқжетпес» клубының ендігі мақсаты - Қазақстан Кубогында жоғары нәтиже көрсетіп, Ұлттық лигаға жолдама алу. Қазір команда жаңа маусымға дайындалып жатыр.

РКС: Жаңа команданың оқу-жаттығу жиынына әзірге 14 ойыншы қатысып жатыр. Оның алтауы - Ақмола облысының волейболшылары, сегізі - өзге өңірлерден шақырылған тәжірибелі спортшылар. Солардың бірі - Жәнел Қонырова. Ол волейболмен 13 жылдан бері айналысады. Спортшы еңбек жолын ел чемпионы атанған «Жетісу» клубының жастар құрамында бастап, кейін негізгі команда сапында өнер көрсеткен. Сондай-ақ «Қайсар» клубының намысын қорғаған. Енді тәжірибелі ойыншы жаңа команданың сапында Көкшетау намысын қорғамақ.

СНХ: ЖӘНЕЛ ҚОҢЫРОВА, «ОҚЖЕТПЕС» ВОЛЕЙБОЛ ӘЙЕЛДЕР КОМАНДАСЫНЫҢ ОЙЫНШЫСЫ: Алдағы мақсатымыз - Көкшетау қаласын алға шығару. Былтыр мысалы біз «Қайсар», Қызылорда командасында ойнадық. Бірінші орын алдық. Осы жылы да сондай үміттеміз. Көкшетау ұнады, Қазақстанда көп емес қой мұндай зал. Сол үшін өте жақсы условия. Жаңа екені көрініп тұр. Басқа да, баскетбол, гимнастика бәіне жағдай жасалған. 

РКС: Алдағы уақытта командаға тағы онға жуық ойыншы іріктелмек. Ал команданы тәжірибелі маман Тимур Джарлагасов жаттықтырады. Ол - Қазақстанның он сегіз жасқа дейінгі әйелдер құрамасының бас бапкері. Бұған дейін бірнеше отандық клуб пен жастар командаларында еңбек еткен.

СНХ: ТИМУР ДЖАРЛАГАСОВ, «ОҚЖЕТПЕС» ВОЛЕЙБОЛ ӘЙЕЛДЕР КОМАНДАСЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ: «Оқжетпес» клубының ерлер командасы бар екенін білемін. Енді әйелдер командасы да жасақталды. Бұл жергілікті қыздарға кәсіби волейболмен айналысып, үлкен спортқа жол ашуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Сонымен қатар өңірде волейболды дамытып, спорттық брендті қалыптастыруға да ықпал етеді. Қазір Қазақстан Кубогының іріктеу кезеңіне дайындалып жатырмыз. Жарыс 14-21 қыркүйек аралығында өтеді. Мақсатымыз - жоғары нәтиже көрсетіп, Ұлттық лигаға жолдама алу.

РКС: Иә, бұған дейін Ақмола облысында әйелдер арасында кәсіби волейбол командасы болған емес. Сондықтан жаңа ұжымның алдағы уақытта жоғары нәтижелерге қол жеткізетініне сенім зор.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу

Аймақтық телеарналар