Көкшетауда кинолекторий өтті
ДИКТОР: «Хроникадан болашаққа» кинокеруені Көкшетауға жетті. Бүгін-ертең республикалық кинолекторий аясында қала тұрғындарының назарына деректі төрт фильм ұсынылады. Бүгін көкшетаулық жұртшылық «Жолбарыс: Из тайги в степь» және «Travel Kazakhstan» картиналарын тамашалады. Жоба Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешенінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылуда.
РКС: Кинокеруен жаз бойы өңірлерді аралап, көрерменге отандық деректі фильмдерді ұсынды. Жоба аясында осы уақытқа дейін 20 қала қамтылды. Көкшетаудан кейін шығармашылық топ сапарын Қостанайда жалғастырады. Ал кинокеруеннің соңғы аялдамасы Алматы қаласы болмақ.
СНХ: МАДИНА АРҒЫН, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ТЕЛЕРАДИОКЕШЕНІ ДЕРЕКТІ КИНО ОРТАЛЫҒЫНЫҢ РЕДАКТОРЫ: Мерейтойға орай көрерменге ерекше жоба ұсынғымыз келді. Сондықтан басшылықпен бірге осындай кинолекторий ұйымдастыру туралы шешім қабылдадық. Негізгі мақсатымыз – көрермен қатарын кеңейтіп, өңірлердегі жұртшылыққа орталықтың шығармашылық жұмыстарын таныстыру. Негізгі 2 бағытымыз бар. Біріншісі – Мемлекет басшысының қызметіне қатысты хроникалық материалдар әзірлеу. Біз Президенттік пулдың журналистері мен режиссерлері ретінде ел ішіндегі және шетелдегі сапарларға барып, маңызды кездесулер мен іс-шараларды таспаға түсіреміз. Сонымен қатар шығармашылық бағытта деректі фильмдер мен авторлық жобалар дайындаймыз. Бүгін сол шығармашылық жұмыстарымыздың бір бөлігін алып келдік.
РКС: «Жолбарыс: из тайги в степь» деректі фильмінде табиғатты қорғау мен биоалуантүрлілікті сақтауға айрықша мән берілген. Авторлар туынды арқылы сирек кездесетін жануарларды қорғаудың маңызын көрсетіп, өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға назар аударады.
СНХ: МӘДИНА МҮБӘРӘК, КӨРЕРМЕН: Бұл деректі фильмнің менің ойымша жастар үшін де, қоғам үшін де берері зор. Себебі, ол біріншіден Қазақстанның табиғатына байланысты. Білетініміздей 1948 жылы Қазақстаннан соңғы Тұран жолбарысы жоғалған болатын. Осы жолбарыстардың тарихи мекені Іле-Балқаш аумағына қазіргі таңда Ресейдің Хабаровск өлкесінен әкелінген 4 Амур жолбарысы жіберілгелі отыр. Оның өзі Қазақстанның әлеуетіне өте үлкен әсер етеді деп ойлаймын. Осы орайда Қазақстан Республикасының президентінің Ресей президентімен келісімімен осы ынтымақтастықтың Қазақстан үшін беретін үлесі зор деп ойлаймын.
РКС: «Travel Kazakhstan» фильмі Қазақстанның туристік әлеуетін жан-жақты таныстырады. Экранда Көлсай мен Шарын шатқалы, Каспий жағалауы мен Маңғыстаудың көрікті мекендері көрініс табады. Сондай-ақ Ақмола аймағының туристік мүмкіндіктері де қамтылған.
СНХ: АЯУЛЫМ ДАРХАНБЕК, КӨРЕРМЕН: Өзім Көкшетау қаласына Қызылорда қаласынан келіп жатқан студентпін. Өздеріңіз білетіндей, Ақмола облысында, Бурабай өңірінде туризм дамыған. Оның табиғаты, ерекшелігі, адамдардың қарым-қатынасы, жылы көзқарастары адамдарды өзіне баурап, табиғатымен қоса мейірімділіктерімен бірге баурайтын осындай әдемі өңір, әдемі жер дегім келеді. Қызылордадан осы жаққа келгеніме өкінбеймін, табиғаты жағынан да, басқа жағынан да өте ерекше әдемі жер. Бүгінгі фильмде соны тағы да бір тамашалап, өзіміздің басқа да аймақтардағы әдемі көріністерді көріп, туризм бойынша басқа қалаларға баруды жоспарға қойдық.
РКС: Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба алдағы уақытта да жалғасын тауып, отандық фильмдерді көпшілікке танытуға мүмкіндік бермек.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ