Табыс көзіне айналған смартфон...
ДИКТОР: Смартфон бүгінде байланыс құралы ғана емес, табыс табудың да тиімді тетігіне айналды. Бұл туралы жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев журналистердің сауалына жауап беру кезінде атап өтті. Цифрлық технологиялардың дамуы жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, кез келген адамға өз қабілетін танытуға, контент жасап, қызметін ұсынуға және клиент табуға мүмкіндік беріп отыр. Ал мұның бәрін смартфон арқылы жүзеге асыруға болады. Шаhарда блогерлер, SMM-мамандары мен креаторлардың жаңа ортасы қалыптасып келеді. Олар әлеуметтік желіні тек қарым-қатынас алаңы ретінде емес, кәсіби қызмет пен табыс көзі ретінде пайдаланып жүр.
РКС: Бірер жыл бұрын блогинг көпшілік үшін жай ғана ермек, көңіл көтерудің бір түрі саналатын. Шындығына келсек, қысқа ғана бейнероликтің артында үлкен еңбек жатыр. Идеяны ойластырудан бастап, түсіру, монтаждау, көрерменге ұсыну және ілгерілетуге дейінгі жұмыстың бәрін бір ғана смартфонның көмегімен атқаруға болады. Контент жасау – бүгінде жай қызығушылық емес, табыс көзіне айналған кәсіптің бір түрі. Ал оны кәсіби деңгейге көтеру үшін не қажет? Смартфон арқылы сапалы контент жасап, оны монетизациялаудың қыр-сырын креатор Дәулет Әбілқасымов біледі.
СНХ: ДӘУЛЕТ ӘБІЛҚАСЫМОВ, КРЕАТОР: Менің блог жүргізуді 2018 жылы бастадым. Ол кезде мені бір мекемеге арт-директор болып жұмыс істеуге шақырды. Жұмыс барысында жарнама қажет болғандықтан, видео түсіре бастадым. Бұл істің қыр-сырын маған досым үйретті. Блог жүргізіп, әлеуметтік тақырыптарды қозғай бастадым. Біртіндеп аудиториям көбейіп, көпшілікке таныла бастадым. Содан кейін жарнамаға қатысты ұсыныстар түсті. Қазір біздің негізгі табыс көзіміз де – жарнама. Бүгінде смартфонның көмегімен ақша табуға әбден болады.
РКС:Цифрлық контент арқылы табыс табу үшін міндетті түрде жеке блог жүргізу шарт емес. Бүгінде әлеуметтік желіде тауарлар мен қызметтерді тиімді таныстырып, бизнесті алға жылжытатын мамандарға сұраныс артып келеді. Компаниялар үшін қысқа бейнеролик – жай ғана жарнама емес, клиент тартудың тиімді құралы. Сондықтан мұндай контент көрерменнің назарын бірден аударып, өнімнің артықшылығын қысқа әрі түсінікті жеткізуі және ең бастысы – тұтынушыны әрекетке ынталандыруы тиіс.
СНХ: НҰРЖАН ҚАРИЯ, МЕДИА-АГЕНТТІКТІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ: Жақында біз бір жаңадан ашылған мекемемен жұмыс істедік. Атауы құпия болсын. Жаңа жыл қарсаңында ашылғандықтан, бастапқыда келушілер саны аса көп болмады. Біз бір айдың ішінде арнайы стратегия әзірлеп, соған сай жұмыс жүргіздік. Нәтижесінде клиенттер ағыны көбейіп, мекеме қараша-желтоқсан айларында жақсы көрсеткіш көрсетті. Кәсіпкер бізге келген кезде, алдымен бизнесіне талдау жасап, стратегия әзірлейміз. Кейін түрлі идеяларды сынап, контент түсіріп, нәтижесін бақылаймыз. Қазір бизнес үшін контенттің маңызы өте зор. Ол тікелей сатылымға әсер етеді.
РКС: Осылайша, смартфон контент тұтынуға арналған құрылғыдан біртіндеп толыққанды жұмыс құралына айналып келеді. Онымен бірге блогинг, SMM, мобильді түсірілім, жасанды интеллектпен жұмыс істеу сияқты жаңа мамандықтар мен табыс көздері де қалыптасуда. Креативті индустрияға қадам басу үшін қымбат техника не қомақты қаржының болуы міндетті емес. Ең маңыздысы – тың идея, цифрлық сауаттылық және білім мен дағдыны көпшілікке қажет өнімге айналдыра білу.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ