Негізгі Жаңалықтар Зейнеткерлер жасанды интеллекттің қыр-сырын меңгеріп жатыр

Зейнеткерлер жасанды интеллекттің қыр-сырын меңгеріп жатыр


ДИКТОР: Көкшетаудағы Белсенді ұзақ өмір орталығының зейнеткерлері жасанды интеллекттің қыр-сырын меңгеріп жатыр. Олар компьютерлік сауаттылығын жетілдіріп, жаңа технологияларды күнделікті қажетіне жаратуға үйренуде. Аға буынның жаңа технологияны қалай игеріп жатқаны туралы әріптесім Жанар Мұқышева айтсын.  

ИНТЕРШУМ: 

РКС: 73 жастағы Зура Жармұқатова орталықтағы бірде-бір мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысады. Түрлі үйірмеге қатысып, жаңа дүниені үйренуге құштар. Қазір компьютерлік сауаттылығын жетілдіріп, жасанды интеллекттің қыр-сырын меңгеріп жүр.

СНХ: ЗУРА ЖАРМҰҚАТОВА, ҚЫЗМЕТ АЛУШЫ: Жасанды интеллект, чат-гпт дегенді өтіп жатырмыз. Соны түсініп жатырмыз ақырындап, жазуды үйреніп жатырмыз. Сұрақ жіберіп едік, әжептәуір жауап беріп жатыр. Міне, қандай дәрімен емделу керек, алдымен врачпен ақылдасу керектігін, қандай дәрі жарайтын/жарамайтын айтып, объяснить етіп жатыр. 

РКС: Бірі мәтін құрастырып көрсе, енді бірі қажетті ақпаратты іздеп, ашықхат әзірлеп отыр. Тіпті бата, туған күнге арналған тілек секілді күнделікті өмірде қажет дүниелерді де жасанды интеллект көмегімен дайындап үйрену үстінде. Осылайша, аға буын өкілдері жаңа технологияларды өз қажетіне жаратып, цифрлық мүмкіндіктерді біртіндеп меңгеруде. Мамандардың айтуынша, соңғы уақытта жасанды интеллектіні үйренуге қызығушылық танытқан зейнеткерлердің қатары артып келеді.

СНХ: БАҚЫТ СМАҒҰЛ, БЕЛСЕНДІ ҰЗАҚ ӨМІР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Біздің қариялардың осыған бет бұрып, осы жасанды интеллект арқылы, оның қажет екенін, оның бір өмірдің алғышарты ретінде қабылдап жатқаны қуантады. Сондықтан біз алдағы уақытта жаңа заманның жаңа талаптарына сай өзіміздің үйірмелердің жұмысын үйлестіруге тырысамыз. 

РКС: Бүгінде шаһардағы орталықта 1400-ге жуық зейнеткер тіркелген. Күн сайын мұнда 400-ден астам адам келеді. Олардың таңдауы да сан алуан. Бірі спортпен шұғылданса, енді бірі шығармашылықпен айналысады. Айта кетейік, Ақмола облысында дәл осындай 10 орталық жұмыс істейді.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу

Аймақтық телеарналар