Айтыс өнерінің жаңа буыны өсіп келеді
ДИКТОР: Ақмола облысында айтыс өнерін дамытуға және жас ақындарды қолдауға ерекше мән беріліп отыр. Бұл бағытта өңірде соңғы жылдары жүйелі жұмыстар қолға алынуда. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте ұлттық өнердің қазіргі жайы, жас ақындарға жасалып отырған қолдау мен алдағы жоспарлар сөз болды.
РКС: Биыл Ақмола облысынан республикалық жоспарға жеті айтыс енгізілді. Оның үшеуі республикалық, төртеуі облыстық деңгейде ұйымдастырылады. Жыл басынан бері өңірде бірнеше ірі өнер додасы ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Абылай ханның 315 жылдығына арналған «Саңлақтар туған Сары бел» облыстық айтысы, Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған «Бала ақын – жас дарын» аймақтық оқушылар айтысы және ұлттық өнердің бірнеше бағытын тоғыстырған «Бес асыл» республикалық командалық мега-жобасы.
СНХ: НҰРҒИСА ДӘУЕШОВ, ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Айтыс өнері тек қана ол екі адамның сөз айтыстыруы емес, бұл халқымыздың тарихын, болашағын, келешегін жырлайтын қасиетті өнер. Қазақстан тарапындағы айтыс өнері ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген. Ол да біздің ұлттық өнерімізге халықаралық деңгейде берілген үлкен баға деп қабылдау керек. «Бес асыл» жобасының орны ерекше. Алдағы уақытта да Халықаралық жыршы-термешілер одағымен бірлесіп, жазушылар одағымен бірлесіп, жас ақындарымызды тәрбиелеу.
РКС: Аймақта айтыс өнерін серік еткен жиырмаға жуық айтыскер ақын бар. Аға буын салған сара жолын жалғастырып келе жатқан жас талаптар да аз емес. Соның бірі – Ерейментау өңірінің жас ақыны Сәттібек Серікболатұлы. Ол Моңғолияның Қобда аймағында өткен Қазақстан, Қытай және Моңғолия ақындары қатысқан халықаралық айтыста Бас жүлдені иеленген. Бұл жеңіс – өңірдегі ақындық дәстүрдің сабақтастығын көрсететін жарқын жетістіктердің бірі.
СНХ: СӘТТІБЕК СЕРІКБОЛАТҰЛЫ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АҚЫНДАР АЙТЫСЫНЫҢ БАС ЖҮЛДЕ ИЕГЕРІ: Елдің ертеңін жарқын ету біз, жастардың қолында деп білемін. Сонымен қатар, екі елдің арасынан шекара салып барғандықтан көптеген нәрселерге көз жеткіздім. Екі елдің мәдениетін ұштастыра отырып, өз биігімізге жетсек, ол қазіргі азаматтар мен жасы келген ұрпақ үшін, өскелең ұрпақ үшін кез-келген жағдайда өте тиімді болады. Біздің ле өз елімізде, Қазақстанда, Ақмола облысында дәл осындай халықаралық айтыстар жасап, айтыс арасын үзбей, мәдениетті ұштастырсақ, төл өнеріміз де, мәдениетіміз де, әдебиетімізді де әлемге паш етпекшіміз.
РКС: Ақмола облысында айтыс өнерінің өскелең буынын тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлінуде. Қала мен аудандарда мектеп оқушыларымен кездесулер өткізіліп, өнерге бейімі бар жас талаптар іріктелуде. Бұл бағыттағы жұмыстар Бұланды мен Ерейментау аудандарында да жүйелі түрде жалғасып келеді. Мақсат – жас ақындардың шеберлігін шыңдап, үлкен сахнаға шығуына жол ашу.
СНХ: ҚҰДАЙБЕРЛІ МЫРЗАБЕК, АЙТЫС АҚЫНДАРЫ МЕН ЖЫРШЫ-ТЕРМЕШІЛЕРДІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОДАҒЫ АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Көкшетауда қалалық мәдениет үйінің жанында Көкен Шәкеев атындағы айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің мектебі бар. екі ақын айналысып солармен жұмыс істеп жатыр. Мұхаммед Қонқаев екеуміз жыл басынан бастап қала мектептерін аралап жүріп, ақын балаларды іздеп, өнерлі балалармен кездесулер өткізіп, биылғы оқу жылын аяқтадық. Енді облыстық деңгейде әрекеттер жасап жатырмыз. Мына жаңа оқу жылында өңірдегі әу дейтін балаларды аралап, танысқымыз келеді. Болашақта да солардың өнерінің өрістеуіне атсалысқымыз келеді.
РКС: Өңірде айтысқа деген қызығушылықты арттырумен қатар, жас ақындардың республикалық және халықаралық додаларда тәжірибе жинауына мүмкіндік жасалуда. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды облыс көлемінде кеңейту көзделіп отыр.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ