Ауылды дамыту үшін инвестиция мен цифрландыру қажет
ДИКТОР: Ақмолалық фермерлер алдағы уақытта шаруашылық есебін телефон арқылы жүргізе алады. Ол үшін арнайы мобильді қосымша әзірленеді. Осы және өзге де бірқатар маңызды мәселе облыстық мәслихаттағы тұрақты комиссияның отырысында қаралды. Халық қалаулылары цифрландыру мен инвестиция тарту аудандардың дамуына ықпал етіп, ауылдағы ағайынның тұрмысын жақсартуы тиіс,-дейді.
РКС: Бүгінде цифрлық технологиялар күнделікті өмірдің ажырамас бір бөлігіне айналған. Бұл бағытта аймақта цифрлық жобалар көбейіп келеді. Өңірдегі екі медициналық ұйымда Cerebra AI жүйесі жұмыс істейді. Жасанды интеллект миға жасалған компьютерлік томографияны талдап, инсульт белгілерін ерте анықтауға көмектеседі. Ал дрондар енді тек әуеден түсірілім жасау үшін емес, заңсыз қоқыс орындарын анықтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолдардың жағдайын бақылау үшін қолданылады. Алдағы уақытта өңір тұрғындары жедел жәрдемнің қайда келе жатқанын телефон арқылы бақылай алады. Қазір бұл жоба әзірленіп жатыр. Ауыл шаруашылығы саласында да фермерлерге арналған жаңа мобильді қосымша іске қосылмақ.
СНХ: МАҒЖАН ЕРЖАН, ОБЛЫСТЫҚ ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Агроөнеркәсіп кешенінде қолмен есеп жүргізуден жер ресурстары мен өндірістік процестерді цифрлық басқаруға көшу жүзеге асырылып жатыр. Серіктестермен бірлесіп арнайы қосымша әзірледік. Жақында оны облыс әкіміне таныстырдық. Бұл қосымша әрбір ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге беріледі. Онда электронды журнал, фермердің барлық есебі, ауа райы, өнімділік, жер туралы деректерді ұсынатын жасанды интеллект агенті бар. Тіпті GPS датчиктерінің орнын басатын мүмкіндігі қарастырылған. Ал біз ғарыштық мониторинг арқылы барлық жұмысты бақылап отырамыз.
РКС: Аймақта 60 мыңға жуық кәсіпкер жұмыс істейді. Бұл салада 100 мыңнан астам адам еңбек етеді. Биыл бизнесті қолдауға субсидия, грант және инфрақұрылымға қаржы бөлінді.
СНХ: АСХАТ АХМЕДЬЯНОВ, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ӨНЕРКӘСІП БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Мемлекет шағын бизнесті дамыту мүмкіндіктерін кеңейтуде. Жыл басынан бастап жергілікті өндірісті дамыту және оның ауқымын кеңейту үшін қосымша құралдарды көздейтін «Іскер аймақ» шағын бизнесті қолдаудың жаңа бірыңғай бағдарламасы іске асырыла бастады. Жыл соңына дейін өнім шығару көлемінің, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілері мен ШОБ-та жұмыспен қамтылғандар санының өсуін қамтамасыз ету, сондай-ақ шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесін 32%-ға дейін жеткізу қажет.
РКС: Кей аудандарда кәсіпкерлік жобаларға су мен электр желісін тартуға қаржы жетіспейді. Осы ретте комиссия цифрлық жобалармен қатар, ауылдағы инфрақұрылым мәселесін де назардан тыс қалдырмау керегін атап өтті.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ