Жаңарған мектеп жаңа оқу жылына дайын
ДИКТОР: Көкшетаудағы №16 орта мектепте оқу жылы аяқталысымен бірден күрделі жөндеу басталып кетті. Оған қазынадан 1 миллиард 600 миллион теңге бөлінді. Жұмыстар толығымен аяқталды. Ішкі әрлеу шаруалары бітіп, жаңа жиһаздар әкелініп, жаңа оқу жылында мыңнан астам оқушыны қабылдауға дайын. Тілші баяндайды.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Мына қабырға принтері мектептің дәліздері мен сынып бөлмелеріне тақырыпқа сай суреттер салып, безендіріп жатыр. Жаңа технологияның бір ерекшелігі – адам күшін қажет етпейтіндігі. Суретшілердің де жұмысын жеңілдетіп, он күн салынатын суретті екі-үш сағаттың ішінде қанық бояуымен безендіріп шығады. Алмас Сырғабаев кәсіби суретші, қазір дизайн саласымен айналысып жүр. Қабырғаларды безендіруді қолға алғанына үш жыл. Мектептің сынып бөлмелерін, дәліздерін безендіруден бастап, түрлі тапсырыстарды орындаумен айналысады. Әр сынып пәнінің бағытына орай салынған суреттер балалардың көзін қызықтырып қана қоймай, білімге деген құштарлығын оятады деген сенімде.
СНХ: АЛМАС СЫРҒАБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН СУРЕТШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ: Қазіргі жасанды интеллект деп жатырмыз, оның да керемет мүмкіндіктерін пайдаланып отырмыз. Себебі, мектеп болғаннан кейін бұл жерге көрнекті құралдар, балаларға пайдасы тиетін жақсы сөздер болсын, қанатты сөздер, Алаш қайраткерлері, Абай атамыздың тамаша сөздерін инфографикалық тәсілде көрсетіп жүрміз. сондай мүмкіндіктерді пайдаланып жүрміз.
РКС: Мектепке күрделі жөндеу жұмыстары екі жылға жоспарланғанымен, мердігер компания бір жылдың ішінде аяқтап отыр. Жанашырлықпен, әрі жауапкершілікпен жасалған жұмыстың нәтижесі бірден көзге көрінеді.
СНХ: СВЕТЛАНА РЫБИНЦЕВА, №16 ОРТА МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Шатыр, қасбет және жылыту жүйесі бойынша жоспарланған жұмыстардан бөлек, біз еден жабынын ауыстырып, керме төбелерді, сондай-ақ төмен вольтты жүйелер мен жарықтандыруды орнаттық. Сонымен қатар қабырғалар мен қоршауларды әрлеу және аумақты абаттандыру жұмыстарын жүргіздік, қазір барлығы аяқталу сатысында тұр. Нысан 316 балаға арналып жобаланған, ал 1 қыркүйектегі жағдай бойынша тіркелген балалардың жалпы саны 1100-ді құрайды, біз сол уақытқа қарай балалардың толық санын қабылдауды жоспарлап отырмыз.
РКС: Білім ошағының күрделі жөндеу жұмыстарын қолға алған мердігер компания өз есебінен көлік бөліп, қажетті заттардың бәрін жеткізуге қол ұшын беруде. Абаттандыру жұмыстары да қоса атқарылып жатыр.Мектеп алдына асфальт төселуде.
СНХ: РАМАЗАН ҚАЙЫРБЕК, ЖҰМЫСШЫ: Біз осы мектепке бордюр қоямыз, ішінде толық ремонт істедік, бітіріп жатырмз. Жұмыс бізде жақсы жүріп жатыр. Мектепті толық бітіретін боламыз. Бәрін уақытында төлеп жатыр. Тамақ бар, бәрін беріп жатыр.
РКС: Мектепте жұмыс қызған шақ. Бірі сырлап, бірі тазартып, бірі шаңын сүртіп жатыр. Жаңа жиһаздарды тасып, кіргізіп, сынып бөлмелерін жуып, жинап жүргендерде тыным жоқ. Білім ошағының ұжымы жаңа оқу жылына санаулы күндер қалғандықтан, бәріне үлгеруге тырысып жатыр.
ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ