Қазақстандық студенттер Германияда практикадан өтті
ДИКТОР: Теориялық білімін шетелдік тәжірибемен ұштастырған студенттер елге оралды. Көкшетауда Германияның Триздорф кампусында білім алып, тәжірибеден өткен жастармен кездесу өтті. Халықаралық жобаға Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің Агротехникалық институтынан төрт студент қатысты.
РКС: Студенттер жоба аясында Германияның Вайенштефан-Триздорф қолданбалы ғылымдар университетінде білім алып, агрономия, өсімдік шаруашылығы, топырақтану және агроөнеркәсіп экономикасы бағыттарында білімдерін жетілдірді. Сондай-ақ фермерлік шаруашылықтарға барып, ауыл шаруашылығындағы заманауи технологиялар мен өндірістік процестердің ұйымдастырылуымен танысты.
СНХ: ЕВГЕНИЙ МЕЛЕШЕНКО, Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Практика кезінде сондай-ақ CLAAS компаниясының сервистік орталығына бардық. Мен біздің ел де олардан кем түспейтініне көз жеткіздім. Қазір CT AGRO компаниясында практикадан өтіп жүрмін, ауыл шаруашылығы техникасын жөндеу және қызмет көрсету жұмыстарымен айналысамын. Біздегі мүмкіндіктер де дәл сондай, тіпті кей бағыттарда жақсырақ деуге болады. Ендігі міндетіміз – Германияда алған озық тәжірибені Қазақстанда тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығындағы процестерді барынша автоматтандыру және еліміздің дамуына үлес қосу.
РКС: Жобаға Қазақстанның екі жоғары оқу орны – Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті мен Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттері қатысты. Жастар бағдарламаға бірнеше кезеңнен тұратын арнайы іріктеу арқылы қабылданды. Ал жобаның басты ерекшелігі – студенттердің Германияда алған білімі мен тәжірибесін болашақ жұмысымен байланыстыруында. Оқу аяқталған соң олар серіктес компанияларда еңбек жолын жалғастырады.
СНХ: МАҒИРАШ ШӘРІМОВА, PRACTICAL TRAINEE PROJECT TRIESDORF–KAZAKHSTAN ЖОБАСЫНЫҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ: Біздің жобамызда екі компания бар. Екеуі де Көкшетауда офистары бар. Студенттердің қаржылық шығындарын осы екі компания бәрін көтерді. Диплом алған соң студенттер сол компанияларда 3 жыл жұмыс істейді. Студенттерімізді бірнеше этаптан өткіздік. Бірінші ол ағылшын тілінен тест, одан кейін ағылшын тілінде эссе. Үшінші этапымыз ол анализ gpa, қалай балалар оқиды.
РКС: Ақмола облысы үшін ауыл шаруашылығы - стратегиялық маңызы бар саланың бірі. Сондықтан халықаралық тәжірибеден өткен, заманауи агротехнологияларды меңгерген мамандарды даярлау – өңір үшін өзекті міндет. Университет бұл бағыттағы халықаралық серіктестікті алдағы уақытта да дамытуға ниетті.
СНХ: ДИАНА СӘБИТОВА, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОРЕКТОРЫ: Біз үшін өте болашағы зор деп айтуға болады жобаны. Себебі, Ақмола облысына ауыл шаруашылығы өте үлкен үлес қосатын облыстың бірі. Біздің облысымыздың мәртебесі де жоғары, сондықтан біз үшін мынау жоба өте болашағы зор деп айтуға болады. Бірінші тарау біз үшін студенттерді дайындау. Меморандумнан бастап, ең ақырғы кезеңге дейін қалай олар жұмыс істейді, қалай олар екі клмпанияға барып тұрады, соның бәрін біз қараймыз, мониторинг жасаймыз, көмек көрсетеміз. Біздің университетте аграрлық салада бірнеше жоба бар. Ол үлкен бір БЦФ проект. Ол гранттық жоба емес. Мемлекет деңгейінде 3 млрд көлеміндегі жоба.
РКС: Қазақстан мен Германияның жоғары оқу орындары арасындағы аграрлық бағыттағы ынтымақтастықтың тарихы 30 жылдан асады. Осы кезеңде Вайенштефан университеті еліміздің бірнеше жоғары оқу орнымен серіктестік орнатқан. Енді бұл байланыс Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетімен жаңа жоба аясында қайта жалғасып отыр.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ