Құмар ойындарға араласқан мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды
ДИКТОР: Шортанды ауданында мемлекеттік қызметшінің бәс тігуге 5,7 миллион теңгеден астам қаражат жұмсағаны белгілі болды. Бұл фактіні жергілікті прокуратура сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарының сақталуына жүргізілген талдау барысында анықтаған. Аталған дерек бойынша мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Құқық қорғау органдары мемлекеттік мекеме қызметкерінің букмекерлік кеңселер арқылы құмар ойындар мен бәс тігуге қатысқанын анықтады. Прокуратура қызметкердің мобильді қосымша арқылы жүйелі түрде бәс тіккенін анықтаған. Мамандар тексеру барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мемлекеттік қызмет және қызметтік әдеп талаптарының бұзылғанын айтады. Осыған байланысты прокуратура прокурорлық қадағалау актісін енгізді. Оны қарау қорытындысы бойынша кінәлі қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшімен алдағы уақытта осындай заңсыздықтарға жол бермеудің алдын алуға қатысты жұмыс жүргізілді.