80 жылдық тарихы бар білім ордасындағы кітапхана жаңартылды
ДИКТОР: Шаһардың терең тарихымен сабақтасқан №11 мектеп-гимназиясы 80 жылдан астам талай буынға білім нәрін беріп, сан мыңдаған шәкірттің жүрегіне ізгілік пен білім шуағын ұялатып келеді. Бүгінде ескі ғимаратта орналасқан білім ошағының кітапханасы заман талабына сай жаңартылып, жанданды. Мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асқан жаңғырту жұмыстарына 17 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалды. Білім күні қарсаңында жаңарған кітапхананың салтанатты ашылу рәсімі өтті.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Бүгінде 1 мыңнан астам оқушы білім алатын бұл мектептің қабырғасы күрделі жөндеу көрмегелі талай жылдың жүзі болды. Уақыт табы өз ізін қалдырған білім ордасы жаңаруды қажет етсе де, мұндағы білім мен ізденіске деген құштарлық бәсеңдеген емес. Биыл жақсы бастаманың бірі болып, мектеп қабырғасындағы кітапхананың қоры толықтырылып, оқу залының жағдайы жақсарды.
СНХ: АНАР ЖҮНІСБЕКОВА, №11 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ КІТАПХАНА МЕҢГЕРУШІСІ: Биыл кітапханамызға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, біз үшін көптен күткен арманымыз орындалды десек болады. Бұл жаңалыққа бәріміз де қуаныштымыз. Ұзақ уақыт осы сәтті күттік. Енді, міне, жарық әрі жайлы, заманауи талаптарға сай жабдықталған ортада оқушыларға қызмет көрсетіп отырмыз. Бүгінде мектеп кітапханасының жалпы қоры 21 258 дананы құрайды. Оның 12 241 данасы көркем әдебиет. Көркем әдебиет қоры балалар әдебиеті мен салалық әдебиеттерді қамтиды. Өткен жылдан бері кітапханамызға жаңа көркем шығармалар көптеп келіп түсуде. Олардың қатарында әлем әдебиетінің таңдаулы туындылары да, өзіміздің отандық, қазақстандық авторлардың құнды еңбектері де бар.
РКС: Шағын ғана кітапхана бір мезетте шамамен 15 оқушыны қабылдай алады. Мұнда балалардың кітап оқып, тынығып, уақытын тиімді өткізуіне барлық жағдай қарастырылған. Арнайы кітап оқитын демалыс бұрышы мен сабақ оқып, жазуға арналған үстел-орындықтар да оқушылардың жас ерекшелігі мен жайлылығына сай жабдықталған. Бұдан бөлек, заманауи талапқа сай электронды кітаптар қоры да қарастырылып, шәкірттердің білім көкжиегін кеңейтуіне жаңа мүмкіндік беріп отыр.
СНХ: АЙДАНА БОЛАТ, №11 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ ОҚУШЫСЫ: Мен осы кітапханаға жиі келемін. Өйткенімына жерде көптеген қызықты кітаптар бар және Абайдың кітаптары. Осы кітапхана маған қатты ұнап қалды. Жаңартылған кітапхана өте әдемі.
СНХ:БОТАГӨЗ ҚҰСАҚАЕВА, №11 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Ел басы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай «Біздің ұлт-оқитын ұлт» болуы керек. Сондықтан осы жаңа кітапханамыздың міндеттері көп деп ойлаймын. Және балалардың кітапқа деген сүйіспеншілігін оятуға өз үлесін қосады деп ойлаймын. Өйткені жаңа техналогияларды меңгеріп қана қоймай, балалар оқуға, анализ жасауға дағдыландыру керек.
РКС: Осылайша, жаңа оқу жылында №11 мектеп-гимназиясының шәкірттері үшін тағы бір жайлы орта қалыптасты. Жаңа кітапхана енді жас оқырмандардың бас қосып, білімін толықтырып, кітап әлеміне бойлайтын сүйікті орынға айналмақ.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ