Негізгі Жаңалықтар Әкімшілік мемлекеттік органдарға жеке және заңды тұлғалардан 125 мыңнан астам арыз-шағым түсті

Әкімшілік мемлекеттік органдарға жеке және заңды тұлғалардан 125 мыңнан астам арыз-шағым түсті


ДИКТОР: Биыл облыстың әкімшілік мемлекеттік органдарына жеке және заңды тұлғалардан 125 мыңнан астам арыз-шағым келіп түскен. Тұрғындардың басым бөлігі өтініштері, шағымдары мен сұрау салуларын «e-Otinish» жүйесі арқылы жолдайды. Жыл басынан бері азаматтарды алаңдатқан негізгі мәселелер қатарында жер қатынастары, білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, сот жүйесі және құрылыс салалары бар.

РКС: Арыз-шағымдаржың басым бөлігі Көкшетау және Қосшы қалаларының, сондай-ақ Целиноград, Бурабай және Аршалы аудандарының тұрғындарына тиесілі. Азаматтарды негізінен жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және білім беру салаларындағы мәселелер алаңдатады. Облыстық Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі департаментінің бөлім басшысы Ләззат Құдабаеваның айтуынша, арыз-шағымдардың басым бөлігі бойынша азаматтардың талап-тілектері ескеріліп, қолайлы әкімшілік актілер қабылданған. Сонымен қатар кейбіреуіне қатысты әкімшілік рәсім тоқтатылған немесе азаматтарға ауыртпалық түсіретін әкімшілік акт қабылданған. Ал 30 мыңнан астамын қарау үшін басқа мемлекеттік органдарға жолданған. Дегенмен қабылданған шешімге немесе берілген жауапқа көңілі толмаған азаматтар да бар. 

СНХ: ЛӘЗЗАТ ҚҰДАБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚТЫҚ СТАТИСТИКА ЖӘНЕ АРНАЙЫ ЕСЕПКЕ АЛУ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ: Азамат мемлекеттік органға жүгінген кезде, алдымен оның шағымы қаралады. Егер арызданушы ұсынылған жауапқа не қабылданған шешімге қанағаттанбаса, оған шағымдануға құқығы бар. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске сәйкес, шағым азаматтың құқығына әсер еткен әрекетті жасаған немесе әкімшілік актіні қабылдаған мемлекеттік органға беріледі. Аталған орган шағымды 3 жұмыс күні ішінде қарауы қажет. Егер шағымда көрсетілген талаптарды қанағаттандыру мүмкін болмаса, ол жоғары тұрған мемлекеттік органға қарау үшін жолданады.

РКС: Бүгінде азаматтардың мемлекетпен өзара байланысын қамтамасыз ететін негізгі құралдың бірі – «e-Otinish» жүйесі. Соңғы бес жылда еліміз бойынша аталған сервис арқылы жеке және заңды тұлғалардан түскен 16 миллионнан астам арыз-шағым өңделген. Оны онлайн жолдау азаматтарға оның қаралу барысын бақылауға мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда берілген жауапқа белгіленген тәртіппен шағым түсіріп, қайта қарауды талап етуге болады. 

СНХ: ЛӘЗЗАТ ҚҰДАБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚТЫҚ СТАТИСТИКА ЖӘНЕ АРНАЙЫ ЕСЕПКЕ АЛУ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ: Платформа азаматтардың өтініштерін қарау процесін ашық етіп, мемлекеттік органдар жұмысының нәтижелілігін айтарлықтай арттырды. Бұл онлайн жүйе Қазақстан азаматтарына қажетті мемлекеттік органдарға өтініштерін еш кедергісіз, жылдам әрі тікелей жолдау үшін арнайы жасалған. «e-Otinish» арызданушыларға оның қаралу барысын бақылауға және берілген жауаптың сапасын бағалауға мүмкіндік береді. Егер жауаппен келіспеген жағдайда, азаматтың оған сотқа дейінгі тәртіппен де, сотқа талап-арыз беру арқылы да шағымдануға құқығы бар. Бұл үдерістің барлық кезеңі, соның ішінде мемлекеттік бажды төлеу де, «e-Otinish» жүйесінде толық автоматтандырылған. 

РКС: Сервис тек арыз-шағымдарды тіркеу үшін ғана қолданылмайды. Жүйеде жинақталған деректер негізінде елімізде талдамалық жасанды интеллект моделі енгізілген. Бұл құрал тәуекел факторларын анықтап, азаматтардың шағымдарын немқұрайлы немесе уақтылы қарамаудың салдарынан әлеуметтік шиеленістің туындауына жол бермеуге мүмкіндік береді.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу

Аймақтық телеарналар