Инфекциядан қорғанудың тиімді жолы-вакцинация
ДИКТОР: Ақмола облысындағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Десе де, мамандар кейбір инфекциялардың қайта өршу қаупі бар екенін ескертеді. Әсіресе қызылша мен көк жөтел бойынша екпе егу мәселесі өзекті болып отыр. Биыл өңірде қызылша жағдайлары өткен жылмен салыстырғанда азайғанымен, көкжөтел жұқтырғандар саны артқан.
РКС: Аймақта соңғы 7 айда қызылшаның 181 жағдайы тіркелген. Сырқаттанғандардың басым бөлігі ересектер мен жасөспірімдер. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,2 есеге төмен. Ал, жыл басынан көк жөтел жұқтырғандардың саны 11-ге жетті. Бұл өткен жылға қарағанда әлде қайда жоғары көрсеткіш. Ауру негізінен кішкентай балалар арасында көп таралады. Көк жөтелге шалдыққан балалардың 83 проценттен астамы ата-аналарының бас тартуына байланысты вакцина алмағандар.
СНХ: СЕРІК ОМАРХАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ ЭПИДЕМИАЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Жоспарлы екпеден бас тартуға қатысты мониторинг жүргізіледі. Өкінішке орай бұл көрсеткіш жылдан-жылға көбейіп жатыр. Мысалы осыдан 3-4 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда екпеден бас тартқан ата-аналар саны 500-ден 700-ге дейін жететін болса, қазір 2,5-3 мыңға дейін жетті. Ата-аналар интернет желісінде алыпқашпа ақпаратқа сеніп, соның салдарынан балаларына екпе салдырмай отыр.
РКС: Инфекцияның алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі вакцинация. Әсіресе, ерте жастағы балалардың уақытылы иммундаудан өтуі өте маңызды. Жұқпалы ауруларға қарсы екпелер мен жалпы дәрі-дәрмектердің сапасы мамандардың жіті бақылауында екенін атап өткен жөн .
СНХ: СЕРІК ОМАРХАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ ЭПИДЕМИАЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Әрбір мынау вакцина, фармацевтика жағынан болса өкілетті органдар бар ғой. Оның сапасын, сертификаттарын толық зерттеп, қадағалап, мынау Қазақстан Республикасының территориясынан өтетін дәрілік заттар мен вакциналар қатаң түрде қадағаланып, тексеріліп отырады. Қазіргі таңда ұлттық жоспарлы календарлық вакцинация бойынша бүкіл вакцина облысымызда жеткілікті түрде, ешқандай жетіспеушілік жоқ. Ата-аналар тек қана уақытылы дәрігерлер шақырған кезде барып, сол уақытылы екпелерді алу керек. Кей кезде әрине болады, себептер, жағдайлар болады. Мысалы қазір күз кезі жедел респираторлық вирустық инфекциялар басталады. Уақытылы бала бара алмаса, ол кейін ол екпені емханаға барып қайта ала алады.
РКС: Жыл басынан бері 7 ай ішінде облыста полиомиелит, дифтерия, сіреспе, қызамық және гемофильді инфекция тіркелген жоқ. Сондай-ақ, қызылша, А гепатиті, жіті ішек инфекциялары, қышыма және туберкулез бойынша да көрсеткіш біршама төмендеген. Дегенмен, көкжөтелмен қатар бруцеллез және кене энцефалиті бойынша өсім байқалады. Мамандардың айтуынша, инфекцияның таралуын шектеуде халықтың иммундық қорғанысының маңызы зор. Сондықтан вакцинацияны уақытылы алу, инфекциялық аурулардан қорғауға бағытталған ортақ жауапкершілік.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ